Қазақстан халқының 97 пайызы белгілі бір дінді ұстанады – Сенат депутаты

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік жылдары Қазақстан әлемдік қоғамдастық мойындаған, дінаралық және конфессияаралық диалог пен келісімді қамтамасыз етуде тәжірибесі бар мемлекет ретінде қалыптасты. Бұл пікірді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Динар Нөкетаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіздік жылдары Қазақстан әлемдік қоғамдастық мойындаған, дінаралық және конфессияаралық диалог пен келісімді қамтамасыз етуде табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасты. Елімізде бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделі – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды, оның басты міндеті еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру және этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік және азаматтық институттардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру», - деді Д. Нөкетаева бүгін астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің сессиялық отырысында.

Өз сөзінде депутат бірлік, келісім және бейбітшілік – елдің мызғымас құндылықтары екенін, басты қағидатымыз – әралуандық бірлігінен еш ауытқымайтынын атап өтті.

«Елімізде мемлекеттік-конфессиялық өзара қарым-қатынастардың зайырлы моделі қалыптасқан, осылайша барлық азаматтар тілі мен діни сеніміне қарамастан заң алдында тең және әрбір азаматтың діни нанымдарына құрметпен қарау қағидаты бар. Ел Конституциясы Қазақстанды зайырлы мемлекет ретінде айқындайды. Респонденттер сауалнамасына сәйкес, елдегі халықтың басым көпшілігі, дәлірек айтқанда 97 пайызы өздерін белгілі бір дінге жатқызады. Респонденттердің тек 3 пайызы ғана дінге сенбейтінін айтқан немесе қойылған сұраққа жауап беруден бас тартқан», - деді Д. Нөкетаева.

Сонымен бірге депутат ғасырлар бойы қазақтардың тарихи жерінде түрлі мәдениеттер, діндер мен дәстүрлер тоғысқанын айтты. Соның нәтижесінде қазақтармен бірге 140-тан астам этнос пен 40 конфессияның өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан бірегей жағдай қалыптасты.

«Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда діннің нағыз ренессансы болды. Егемендік алған соң Қазақстан халқының ортақ құндылықтары – өз тағдырын еркін таңдау, жаңа мемлекет құруға қатысу, ел тағдыры мен болашақ ұрпақ үшін бірлескен жауапкершілік болды. Түрлі этностардың ұзақ уақыт бірге өмір сүруі қоғамда тұрақты толеранттылық дәстүрлерін қалыптастырды. Қазақстандықтарда барлық этностар, конфессиялар мен әлеуметтік топтар өкілдерінің өмір салтына, әдет-ғұрпына, сезімдеріне, пікірлеріне, идеяларына, нанымдарына қатысты толеранттылық деңгейі жоғары», - деді Динар Нөкетаева.

Елдегі ұлттық бірлікті қамтамасыз етудің басты факторларының бірі – жас қазақстандықтарды толеранттылық пен келісім құндылықтарына тәрбиелеу. Бұл бағытта мемлекет барлық деңгейдегі үздіксіз білім беру жүйесіне арналған этномәдени білім беруді енгізіп жатыр.

«Мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық оқыту мекемелері мен жоғары оқу орындарында этномәдени толеранттық бойынша интерактивті білім беріледі. Мектептерде факультативтік-оқу курсын, дінтану негіздерін оқыту үшін, өскелең ұрпақтың дін мәселелерінде хабардар болу және білім деңгейін арттыру үшін жағдай жасалған. Қазақстанда діни қызмет және діни бірлестік туралы заң бар. Бұл заң әр адамның діни сенім бостандығына құқығын нығайтады, әр адамның діни нанымының тең құқылы болуына кепілдік береді», - деді Сенат депутаты.

Айта кетейік, бүгін елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі жалғасуда. Онда «Білім мен діни ағартудың діндер мен мәдениеттердің сыйластықта қатар өмір сүру және бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы рөлі» атты секциясы өтіп жатыр.


Фото: senate.parlam.kz




Соңғы жаңалықтар