Қазақстан халқына қорынан қаңтар оқиғасына қатысты кімдерге көмек көрсетіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақстан халқына» қоры қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқандар мен жараланғандардың отбасыларына көмек көрсетеді. Бұл туралы аталған қордың төрағасы Болат Жәмішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Қамқорлық кеңесі қаза болған әскерилердің, ішкі істер органдары, ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасыларына көмек көрсету шешімін қабылдады. Мұнымен қоса, қызметкерлер арасында ауыр жарақат алғандар да қамтылмақ. 3 қаза тапқан және 4 жараланған баланың отбасы, сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде кездейсоқ құрбан болғандардың отбасылары ескерілмек.

«Азаматтардың тізіміне тоқталсақ, біз омбудсмендерден алған тізімді назарға алдық. Осы орайда Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың жолдаған ақпараты қаралды. Әрине, бұл адамдар азаматтық тұлғалардың қайтыс болуының барша фактісін білмеуі мүмкін. Алайда оларға жолданған үндеулерге және кейбір істердің резонанстылығын ескере отырып, олар (омбудсмендер) тиісті тізімді жасады», - деді Б. Жәмішев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол қаңтар оқиғасының кездейсоқ құрбаны болғандардың туыстарына көмек көрсету туралы шешім қабылданғанын жеткізді.

«Бізге келіп түскен тізімге байланысты бұл адамдардың қаза болуының мән-жайын құзырлы органдармен анықтау керек болады. Осы деректердің анықталуына қарай көмек көрсететін боламыз. Атап айтқанда, қайырымдылық қоры ретінде қаңтар оқиғасының кездейсоқ құрбандарына көмек көрсетеміз деген белгі беріп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, тергеу амалдары аяқталғаннан кейін, осы бастамаларды толық көлемде іске асыру мүмкін болады», - деді Б. Жәмішев.

Айта кетейік, бүгін «Қазақстан Халқына» қоры қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқандар мен жараланғандардың отбасыларына көмек көрсетуге қатысты мәлімет жариялады.


Соңғы жаңалықтар