Қазақстан халқына қоры Қостанайдағы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетеді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақстан халқына» қоры Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетеді. Мұндай хабарлама қоғамдық қордың Іnstagram-дағы ресми парақшасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Апат салдары жойылып, залал көлемі анықталғаннан кейін «Қазақстан халқына» қоры жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып өңір тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсету тетігін пысықтайды. Қор болған жағдайды қадағалап, зардап шеккендерге қолдау мақсатында барлық қажетті шараны қабылдайды», - деп жазылған қордың Іnstagram парақшасындағы хабарламада.

Еске салсақ, 2 қыркүйекте сағат 15:10-да Қостанай облысындағы Қазанбасы ауылынан 20 шақырым жерде, «Басаман КШШ» КММ аумағында орман алқабы өртенген болатын. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин оқиға орнына тікұшақпен аттанды.

Өрт ауылдарға қарай жалындап, тұрғындар эвакуацияланды, өртке байланысты шұғыл желі іске қосылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың өрт аймағындағы жедел жағдай туралы есебін тыңдады.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің мәліметі бойынша, Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы өрт 43 мың гектардан астам аумақты шарпыған. Аманқарағай ауылында 98 үй өртеніп кетті. 10 адамды орташа деңгейде күйік шалған және уланған. Сондай-ақ, Аманқарағай ауылында бір адамның мәйіті табылды.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қостанай облысындағы алапат табиғи өрттердің салдарын жою мәселелері бойынша жедел кеңес өткізді.

Өңірлерде «AMANAT» партиясының гуманитарлық көмек қабылдау пунктілері жұмысын бастады.

Үйлері өртеніп кеткен қостанайлықтардың банктегі несиелері жабылады.


Соңғы жаңалықтар