Қазақстан халқын қай мәселелер көп толғандырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров мемлекеттік орган басшыларымен кездесу кезінде тұрғындар жиі көтеретін мәселелерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлер өңірлердегі кездесулер кезінде азаматтардың бірқатар өзекті мәселесін анықтады. Халықты неғұрлым көп толғандыратын мәселелерге тоқталсақ, олардың арасында қалалар мен ауылды елді мекендердегі ұялы байланыс пен интернет сапасы, өңірлерге электр және газ желісін тарту, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы бар. Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, өнеркәсіп кәсіпорындары қызметкерлерінің жалақысын көтеру, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері көтерілді», - деді А. Омаров.

Сонымен қатар өңір тұрғындары білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау, бала асырап алу, қашықтан оқыту форматы, оқу бағдарламаларын жаңарту, спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерін жан басына қаржыландыруға қатысты тақырыптарын қозғаған.

«Министрлердің және әкімдердің кездесулерінде халық көтерген проблемаларды салыстырмалы талдау ведомствоаралық деңгейде шешуді талап ететін 2 мәселенің шығу төркіні ұқсас екенін көрсетті. Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыру мәселелеріне қатысты», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет басшысы кейбір өңірлерде басшылар халықпен кездесудің жаңа форматына бейімделмей, ескі сүрлеуден шыға алмай отырғанын сынады.

Үкімет отырысында биылдан бастап орталық және жергілікті атқарушы орган басшыларының өңірлерге барып, халықпен жүзбе-жүз кездесу өткізудің жаңа тәртібі жүзеге асырылып жатқаны айтылды.


Соңғы жаңалықтар