Қазақстан халқы ҚР Еңбек сіңірген кайраткері Әшірбек Сығайды бақилық сапарға шығарып салды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан халқы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Әшірбек Төребайұлы Сығаймен қоштасты.

Қазақ театр өнерінің жанашыры, театр сыншысын ақтық сапарға шығарып салуға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы әкімі Ахметжан Есімов, белгілі, театр және өнер қайраткерлері келді. «Қазақтың киелі өнері ауыр қайғыға душар болды. Күтпеген жерден тосыннан келген ажал тағы да еліміздің ұлы жүректі, үлкен мінезді қазақ мәдениетінің көрнекті өкілі, театр өнерінің әрі іздеушісі, әрі жоқтаушысы сүйеніші болған аяулы азаматымызды алып кетті. Әшірбек Төребайұлы оңтүстік өңірде дүниеге келіп еді. Қаршадайынан өнерге сусындап өскен тынымсыз жүрек Әшірбекті қысқа уақыттың ішінде өз қатарының көшін бастауға әкелді. Содан бері қазақ өнерінің дамуына қызмет етіп келді. Қазақ халқына осындай ауыр қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын», - деді ҚР Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин. Астанадан арнайы келген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қалың көпшілікке Мемлекет басшысының көңіл хатын жеткізді. «Әшекеңнің елім деп соққан жүрегін, өнерге деген ерекше құрметін, ұстаздық белесін, шәкірт тәрбиелеудегі шеберлігі көңілімізде мәңгілік қалары сөзсіз. Әсіресе, егемендік алғанда қазақ өнерінің өркендеуіне, көрерменнің сана сезімінің биік болуына сіңірген еңбегі шексіз. Бұл барлық еліміз үшін үлкен қаза. Еліміздің президенті ол кісінің еңбегін бағалап, көңіл хатын жолдады," - деді министр. «Әшірбек Төребайұлы жемісті еңбек етіп, жауапты қызметтер атқарып, ғибратты өмір сүрді. Еліміздің мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне зор үлес қосты, ал оның еңбегі әр жылдары республикамыздың жоғары мемлекеттік наградаларымен атап өтілді», - делінген Елбасы жолдаған жеделхатта. Қаралы жиында марқұмның жақын достары, қызметтестері, өнердегі ағалары да өз лебіздерін білдірді. «Театр өнері үшін бүгін қаралы күн. Әшірбектей даңқты ұлы, сыншы ортамыздан кетті. Бұл бір қабырғамыз құлап түскенмен бірдей. Қазақта аға дос, іні дос деген бар. Ол маған іні дос еді. Ол туралы айтылар сөз көп. Сағынамыз. Қайран, Әшеке! Өзімнен кіші інілерім кетіп жатқанда, мына біздердің жағдайларымызды түсініп тұрған шығарсыздар. Ол мен үшін тірі. Жүрегімде, онымен әруақыт ақылдасып тұрам деп ойлаймын. Театр оны іздейді», - деді Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов. *** ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор, театр сыншысы Әшірбек Төребайұлы Сығай 68 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Әшірбек Сығай 1947 жылы 11 қаңтарда Кентау қаласында дүниеге келген. Бозбала кезінде «Ачлолиметалл» комбинаты жанындағы Кентау механикалық жөндеу цехында екі жыл слесарь болып жүмыс істеген.1965 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияға түсіп, оны 1969 жылы тәмамдаған соң, ұстаздық қызметке қалдырылған. Оның театр сыншысы ретінде қалыптасуы 1970 жылдардан басталады. Ол 1974-94 жылдары Мәдениет министрлігі театр бөлімінің, өнер басқармасының басшысы, министрдің орынбасары, Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының ректоры, министрдің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. Ә.Сығай - «Іңкәр шақ», «Сыр сандық», «Сахнаға сапар», «Жарнама алдындағы ой», «Сахна саңлақтары» деген кітаптардың авторы. Жан Мольердін «Еріксіз үйлену», К. Гольдонидің «Күлкілі оқиға», О. Иоселианидің «Арбаның ізімен», Ш. Роквидің «Мазасыз өжей», В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні», А. Шайкевичтің «Әлем алақанымызда» және тағы басқа танымал драматургтардың пьесаларын аударған. Олар республика театрларында қойылды.

1989 жылы Қазақстан Республикасьның Еңбек сіңірген кайраткері атағы берілді. Театр зерттеушісі, қоғам қайраткері Ә. Сығай 2001 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Сонымен қатар, тәуелсіз «Платина Тарлан» сыйлығының (2005) лауреаты.

Соңғы жаңалықтар