Қазақстан халқы қиындықпен қол жеткізген Тәуелсіздік пен тұрақтылықтың қадірін жақсы біледі және «Стратегия-2050"-де белгіленген барлық мақсаттарына жететініне сенімдімін - Түрік Республикасының Президенті Абдуллах Гүл

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 17 желтоқсан. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркия Республикасының Президенті Абдуллах Гүл «ҚазАқпарат» агенттігіне арнайы эксклюзивті сұхбат беруге келісімін беріп, Ыстамбұлдағы меншікті тілшіміздің сауалдарына жауап қайтарды.

- Құрметті Президент мырза, неліктен Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін ең бірінші болып таныды?

- Ең алдымен, достық қатынастағы әрі бауырлас ел Қазақстанды тәуелсіздіктің 22 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Түркияның Қазақстанның тәуелсіздігін ең бірінші болып мойындауы - табиғи құбылыс. Өйткені бұл бауырлас елдерге тән ықылас болатын. Түбі бір ағайын, екі елді ортақ тілі, сенімі, тарихы, мәдениеті, құндылықтары мен дәстүрлерін біріктіреді. Негізінде, Түркия тек Қазақстан ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағының бейбітсүйгіш барлық елдерінің тәуелсіздігін мойындады. Осы тұрғыдан алғанда, Түркия бұрынғы Кеңестер Одағының бес жаңа түркі мемлекетін ең бірінші болып мойындады. Бауырлас елдердің тәуелсіздігін тек Түркия басшылығы ғана емес, тұтас түрік халқы ерекше қуанышпен, толқып қарсы алды.

- Сіз мемлекетке басшылық еткен кезеңде екі ел арасындағы экономикалық, сауда байланыстарының кеңейгені белгілі. Қос мемлекет бір-біріне бұрынғыдан да жақындай түсті.

- Иә, солай. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері екіжақты қарым-қатынас біршама бекіді. Басшылық жасаған уақытымда көпжақты ынтымақтастықтың дамуына ерекше көңіл бөлдім. Менің құрметті бауырым, қымбатты Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен әрқашан өте жақын диалог жасай білдік. Соңғы алты жылда тек президенттік деңгейдегі барыс-келістердің саны 11-ге жетті. 2009 жылы Президент Н. Назарбаевтың Түркияға жасаған сапары кезінде біз екіжақты байланысты стратегиялық серіктестікке дейін көтердік. Саяси қарым-қатынастардың осынша даму кезінде ынтымақтастықтың басқа да түрлері күн сайын тереңдей түсті. Мәселен, екіжақты сауда көлемі 3,5 миллиард долларға жетті. Өзара инвестициялар 3 миллиард доллардан асып кетті. Энергетика саласынан басқа секторларда түрік компаниялары Қазақстандағы инвестиция саласында көш бастап тұр.

Біздің мердігер компанияларымыз менің қымбатты бауырым, құрметті Н. Назарбаевтың жетекшілігімен жүзеге асырылған, Қазақстанның бет-бейнесін өзгерткен өте маңызды жобаларға қатысты. Аяқталған жобалардың жалпы құны 20 миллиард долларға жетіп қалды. Әрине, біз барлық саладағы қарым-қатынастардың дамуына қуаныштымыз. Бірақ, алдағы уақытта да жүзеге асырылатын дүниелердің көп екендігіне сенеміз. Өйткені, бауырлас елдердің әлеуеті әлі де көп. Энергетика, көлік, қорғаныс өндірісі, денсаулық сақтау, білім, туризм салаларындағы ынтамақтастықты дамытуға күшіміз жетеді. Осы бағытта бірнеше қысқамерзімді мақсаттарды айқындап та қойдық. Мәселен, 2015 жылға дейін сауда көлемін 10 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Өзара инвестицияларды көбейту де ойда бар.

Біздің жоспарларымызды жүзеге асырудағы ең маңызды артықшылығымыз - екі ел басшыларының өзара қатынастарымызды бұдан де белсендірек ілгері жылжытуға бағытталған күшті ерік-жігері. Жылына шамамен 400 мың қазақ Түркияға келіп-кетеді. Ал біздің кейбір отандастарымыз үшін Қазақстан екінші Отаны саналады. Білім саласында да ынтымақтастығымыз кеңейді. Қазақстандағы 30-дан астам түрік мектебінде екіжақты байланыстардың дәлелі ретінде жас ұрпақ тәрбиеленіп жатыр. Бір біріккен, жалпы саны 3 түрік университеті де өте маңызды қызмет атқарып отыр.

Өткен 22 жылда екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мақсатында қол жеткенге місе тұтып, тоқтап қалған жоқпыз, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты барған сайын нығайта түсудеміз. . Өзара экономикалық, әлеуметтік-мәдени іс-қимылдарды дамыту жолында түркі елдерінің арасында Қазақстан әрқашан көш бастап келеді. Менің Қымбатты Бауырым, Құрметті Н. Назарбаев осы бағыттағы барша істің белсенді жақтаушысы болды. Осындай ортақ түсініктің арқасында біз 2009 жылы Түркі Кеңесін құрдық. Келесі жылы осы ұйымның 4-Саммитін өткіземіз. Бұл кеңесте аса маңызды шешімдер қабылданатынына, кеңесті аймақтық ынтымақтастықтың тетігі ретінде нығайта түсетініне сенімдімін.

- Қазіргі Қазақстанды қалай бағалар едіңіз?

- Қазақстан - Евразияның жарық жұлдызы. Президент Н. Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында қысқа мерзім ішінде үлкен жолдан өтіп, айтарлықтай өзгерді. Ең алдымен, тәуелсіздік пен әлеуметтік келісім мықтап орнықты. Табиғи қазбалардың бай көздері халықтың өркендеуі мен бақытты өмір сүруі үшін пайдаланылды.
1992 жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨІСШК) құра отырып, Қазақстан аймақта Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық Ұйымының қарлығашы болды. 2010 жылы АӨІСШК төрағалығын біз қабылдап алдық. Қазақстанның ғаламдық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан үлесі бұл ұйыммен ғана шектелмейді. Сондай-ақ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымында да Қазақстанның алар орны зор. Ислам Ынтымақтастық Ұйымы аясында атқарылатын жұмыстарға да белсене қатысып келеді. Мәселен, 2010 жылға дейін Қазақстан АӨІСШК төрағалығын атқарды. Осы жылы әйгілі ЕҚЫҰ төрағалығы мен Астанада өткен оның саммитін де мойнына алды. Ал бір жылдан кейін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының 10 жылдығына байланысты саммитті де қабылдап алды. Ислам Ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлер кеңесінің 38-жиынын да табысты өткізді. 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланып, табыстарға жетеді деп сенеміз. Мұның бәрі аймақтың қауіпсіздігі мен бейбіт өмір сүруі үшін жасалатын қадамдар деп білеміз. Барша әлем мұны бағалары сөзсіз. Қазақ елінің жетістіктеріне мақтанамыз.

- Президент мырза, Қазақстанның болашағы туралы не айта аласыз?

- Қазақстанның болашағы өте жарқын болатынына сенемін. Бейбітшілік пен тұрақтылық, экономикалық даму осылай жалғаса беретініне сенімім мол. Өйткені, Президент Н. Назарбаев айтқандай: «тәуелсіздік - Қазақстанның ең қасиетті құндылығы». Қазақстан халқы да қиындықпен қол жеткізген тәуелсіздік пен тұрақтылықтың қадірін ұғынады. Жер асты табиғи қазбаларының да маңызы зор. Олар елдің экономикалық дамуы үшін қажет. Алайда, Қазақстанның ең маңызды байлығы - мұнай мен металл емес, көреген басшылар мен мықты кадрлар. Қазақстанның қол жеткізген табыстарымен тоқтап қалмай, 2050 жылға жаңа мақсаттар айқындап қойғанына қуаныштымын. Бүгінде жеткен жетістіктерге қарап отырып, ол мақсаттардың да орындалатынына сенемін. Осы тұрғыдан алғанда да біз бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін екіжақты қарым-қатынастарды жалғастыра беретін боламыз.

- Қазақстан халқына айтар тілегіңіз?

- Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жеке өз атымнан және барша түрік халқының атынан Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын.! Бейбітшілік пен келісім тілеймін, әрдайым өсіп-өркендей берсін! Сіздің агенттік арқылы Түркі әлемінің Ақсақалы, Құрметті Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сәлем айтып, құттықтағым келеді! Барша Қазақ халқына ақ тілегімді арнаймын!

Соңғы жаңалықтар