Қазақстан халқы дұрыс тамақтанбайтын елдердің қатарына еніп отыр – ДСМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Қазақстандықтар тұзды тым көп, жеміс-жидекті өте аз тұтынады. Үкімет отырысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерін келтірген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулері бойынша, ер адамдар үшін алкогольді тұтыну деңгейі жылына 25 литрді, әйелдер үшін – шамамен 9 литрді құрайды. Өкінішке орай, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан алкогольдік ішімдіктерді тұтыну деңгейі жоғары елдерге жатады. Көп жағдайда жол-көлік оқиғалары, жарақаттар, зорлық-зомбылықтан болған өлім, улану, суға бату сияқты сыртқы себептерден болатын өлім-жітім көрсеткіштері алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың салдары болып отыр», - деді Ажар Ғиният.

Сонымен қатар, ол қазақстандықтар арасында тұзды тағамды пайдалану деңгейі тым жоғары екеніне алаңдаушылық білдірді.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған норма бойынша халық тағам құрамында тәулігіне 5 грамм тұз тұтынуы қажет. Қазақстанда бұл көрсеткіш 18 грамм екенін атап өткім келеді.

VI Ұлттық өмір салтын зерттеу деректері бойынша көкөністер мен жемістерді тұтыну – тәулігіне 200-230 грамды құрайды. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған норма – тәулігіне 400-500 грамды құрау керек. Қазақстан Орталық Азия мен Еуропаның дұрыс тамақтанбайтын 21 елінің арасында 9-шы орында тұр», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар