Қазақстан халқы бір-біріне деген ыстық ықыласын суытпай, ынтымағы жарасып тіршілік етуде - И.Жанғоразов.

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көп ұлтты мемлекетімізде ұлттар арасындағы қарым-қатынас Елбасымыздың көрегенді саясатының арқасында күннен-күнге нығая түсуде.

Бұл жөнінде "Қазақстан-2050" стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті" атты тақырыпта өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында да айтылған болатын. Әсіресе, онда Президент жаңа 2050 Стратегиясын жүзеге асырудың негізгі шешу факторы ретінде Қазақстан халқының бірлігіне сенім артып отырған десек қателеспейтіндейміз. Мұны Ассамблея мүшелері де құптап отырған жайы бар. Оған Ақмола облысының Аршалы ауданындағы «Ижевск» өндірістік кооперативінің бас директоры, Социалистік Еңбек Ері әрі Ассамблея мүшесі Ибрагим Жанғоразовпен кездесіп, сұхбаттасқан кезімізде көз жеткіздік.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде тұрақтылық пен келісім бұл күн сайынғы үлкен жұмыс, оны жылдан-жылға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп жалғастыру қажет. Келісім-экономика мен саясаттың, қауіпсіздіктің, өмірдің заңы. Біз келісім мәдениетін дәстүр ретінде ұрпаққа мұра етуге тиіспіз. Келісім мәңгілік болуы керек деп атап көрсеткен болатын, - дейді Ибрагим Жанғоразов . - Елбасының осы бір зор жауапкершілік жүктейтін пікірі қашан да өміршең. Қазір шын мәнінде ұлттар мен ұлыстардың тарихи құндылықтарын жоғалтпай, оларды ұлт ретінде, ұлыс ретінде танытатын тілі мен әдебиетін, мәдениеті мен өнерін дамытуға барынша көңіл бөліп, тиісінше жағдай жасалып отыр. Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық мүшелерін түгелге жуық танимын. Олармен пікірлескен кезде әрқайсысының көкейінде ұлттар мен ұлыстардың өзара қарым-қатынасы кәдімгі күнделікті қарапайым тіршіліктен басталатындығын, бірақ сол ұсақ істер арқылы үлкен асқаралы міндет көкжиегінен табылатындығымызды, осыған әрқайсысының тиісінше үлес қосып, сол жеткен жетістігіне масайрай марқаятындығын аңғарамын. Бүгінгі күні Қазақстан халқы бір-біріне деген ыстық ықыласын суытпай, ынтымағы жарасып тіршілік етуде. Менің ойымша, Қазақстан халқы Ассамблеясының абыройлы да асқаралы істерді атқаруы, алыс-жақын шетел таныған институтқа айналуы, ұйымға ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекшілік етуінде деп ойлаймын»,- дейді И.Жанғоразов.

Соңғы жаңалықтар