Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі мен жауапкершілігі артады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында  «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жоба аясында аталған Заңға бірқатар түзетулер мен жаңадан төрт бап енгізіліп отыр. Атап айтқанда, заңда қолданылатын терминология реттелді. Бүгінгі қоғамда Ассамблеяның рөлі ескеріліп, «этносаралық келісімді қамтамасыз ету» деген термин «қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету» деп ауыстырылды», - деп тоқталды ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова.

Келесі өзгерістердің бірі  - ол Ассамблеяның құрамына қатысты.

«Қолданыстағы заңда Ассамбленың құрамын тек оның сессиясы, кеңесі, аппараты және облыс Ассамблеялары құрайтын. Жоба аясында бұл тізімде Ассамблеяның атқарушы органы мен этномәдени бірлестігі кеңейтіліп отыр. Бұдан басқа, Ассамблея Кеңесінің сапалық құрамын арттыру қаралуда. Бүгінде Кеңес этномәдени бірлестік өкілдері қатарынан қалыптасып келгенін білесіздер. Ал жобада Кеңесті этномәдени бірлестік басшыларынан қалыпастыру көзделіп отыр. Сонымен бірге Ассамблея Кеңесіне қоғамдық наградаларды тағайындау құзыреті қарастырылды», - деді вице-министр.

Айта кетейік, қолданыстағы Заңға сәйкес, Ассамблея Төрағасының орынбасарларын Президент тағайындайтын болатын. Ал осы жоба аясында Төраға орынбасарларын ротациялау ұстанымымен тағайындауды айқындалып отыр.

Өз кезегінде сенатор Бақытжан Жұмағұлов жүйелі жұмыстарды орындауда ҚХА рөлі зор екенін және оған үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.

«Сондықтан жаңа талаптарға сәйкес, Ассамблея қызметін заңнамалық түрде жетілдіру - объективті қажеттілік. Қарастырылып отырған заң жобасы дәл осы мақсаттарды көздейді. Осы орайда құжаттағы ең маңызды бағыттарына тоқталсақ, біріншіден, ҚХА-ның атқаратын қызмет саласы мен жауапкершілігін арттыру ескерілген. Ол енді тек этносаралық қарым-қатынастарға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге де қолданылатын болады. Бұл - түбегейлі өзгеріс. Сонымен қатар, Ассамблея мүшелерінің жұмысы заңды түрде күшейтіледі, олардың құқықтары мен міндеттері нақтыланып, бекітіледі», - деді Б. Жұмағұлов.

Комитет мүшелері заң жобасын Сенаттың жалпы отырысына шығаруға бірауыздан келісті.

Соңғы жаңалықтар