Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа Жолдаудың міндеттерін толық қолдайды - ҚХА үндеуі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының Жолдауын қолдау туралы үндеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті отандастар! Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы қоғамның өзекті әлеуметтік сауалдарына нақты жауап болды. Бұл - мемлекеттік органдар, бизнес пен қоғам үшін іс-қимылдың тұтас стратегиясын айқындайтын, өзінің мәні мен мазмұны жағынан ерекше құжат», - делінген Үндеуде.

Жолдаудағы басты мақсат - қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру және бұл үшін нақты міндеттерді іске асыру көзделген.

«Ең төменгі жалақыны өсіру, бизнестің жол картасын жалғастыру, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметтеріне арналған тарифтерде тәртіп орнату жөніндегі шаралар және басқа да қадамдар - табыстың өсуінің тұрақтылығына ықпал етеді. Білім беру, ғылым және денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаражатты арттыру, учаскелік медицина қызметкерлерінің жекелеген санаттарына еңбекақыны көтеру, салауатты өмір салтын дамыту, халықты сапасыз тауарлар мен қызметтерден қорғау - бұл тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі сенімді қадамдар», - деп жазылған құжатта.

Ал тұрғын үй мәселелерін шешу, жергілікті жолдарды жөндеу, ауылдарды сумен жабдықтауды дамыту, экологияны жақсарту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнідегі шаралар - жайлы өмір сүру ортасын құруға қызмет етеді. Сонымен қатар жастарды және отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығы екенін атап өткен жөн. Ал 2019 жыл - «Жастар жылы» деп жарияланды.

«Құрметті қазақстандықтар! Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік көңіл-күйі мен өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі теңдессіз шараларды белгіледі. Президент бұл мақсаттарға біздің қоғамымызды келісім мен бірлікті сақтау арқылы ғана қол жеткізу мүмкін екендігін атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа Жолдаудың міндеттерін толық қолдайды және оларды жүзеге асыру мен түсіндіруге белсенді қатысады. Біз барлық қазақстандықтарды ұлттық әл-ауқатты мемлекет құрылысының мақсаттарына қол жеткізу үшін бірігуге шақырамыз. Осының бәрі Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімнің негізгі тұғыры. Біз, Жолдаудың жүзеге асырылуы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың, Отанымыздың гүлденуінің берік кепілі болатынына сенімдіміз», - деп үндеу жариялады Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері.

Айта кетейік, үндеу Астанада «Президент Жолдауындағы міндеттерді іске асырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының орны мен рөлі» атты ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысында оқылды. Отырыс барысында Президенттің Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі ережелер, Жолдауды іске асыру бойынша ҚХА алдында тұрған міндеттер қаралды.

Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жариялады.

Соңғы жаңалықтар