Қазақстан ғылымы азаматтардың өмір сапасын арттыруға соншалықты үлес қоса алмай келеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жоғары білім мен ғылымды дамытуда біртұтас салааралық саясатты қалыптастыру қажет. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жоғары білім, ғылым салаларының қоғам мен ел экономикасы дамуында алатын орны ерекше. Бүгінде әлем экономикасын алға жетелеп отырған негізгі ресурстардың бірі – интелектуалдық капитал. Егер осыны ескерсек, ғылыми технологиялық даму саласында қоғам бізден нақты өзгерістерді күтуде. Сондықтан министрліктің басты міндеті – отандық ғылыми-технологиялық инновациялық жетістіктердің экономикаға үлесін арттыру, жоғары білімнің еңбек нарығының жаңа талпаптарына сай мамандар әзірлеуін қамтамасыз ету. Жоғары білім мен ғылымды дамытуда біртұтас салааралық саясаты қалыптастыру қажет. Осыған байланысты министрліктің алдында бірқатар міндеттер тұр», - деді вице-премьер ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Оның атап өтуінше, бірінші кезекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында, Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындауға, сондай-ақ Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға баса назар аударуымыз қажет.

«Алдымен ғылым саласының мәселелеріне тоқталсақ, республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 2 есеге артты. 2019 жылы 40 млрд теңге болса, өткен жылдың қорытындысында 80 млрд теңгеден асты. Бұл – үлкен қолдау. Дегенмен, отандық ғылым көптеген дамыған елдердегідей экономиканың дамуына және азаматтардың өмір сапасын арттыруға біз күткендей айтарлық үлес қоса алмай келеді. Біздің экономикамызға отандық ғылыми жетістіктердің нәтижесінде әзірленген жоғары технологиялық өнім шығаратын өндіріс көлемі әлі де жеткілісіз. Сондықтан ғылыми-технологиялық саладағы ғылыми жаңалықтарды экономикаға енгізуге байланысты кешенді жұмыстар жүргізуіміз қажет», - деді Алтай Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар