Қазақстан Грекия мен барлық ЕО үшін сенімді энергетикалық серіктес – министр Дендиас

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Грекия мен барлық Еуропалық одақ үшін сенімді энергетикалық серіктес. Мұны елімізге алғаш ресми сапармен келген Грекия Республикасының Сыртқы істер министрі Николас Дендиас мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Грекия мен барлық Еуропалық одақ үшін сенімді энергетикалық серіктес. Біз газ дәлізінің қиылысында тұрмыз. Сонымен қатар біз – Орталық және Шығыс Еуропаға шығатын қақпамыз. Әріптесім екеуіміз аймақтағы көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша ортақ мүдделерді де талқыладық. Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталдық. Грекия бұл бағыттағы ынтымақтастықтың әрі қарай дамуына күш салуға ниетті. Сондай-ақ біз кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің күшіне енуін құптаймыз», - деді Николас Дендиас.

Сондай-ақ Н.Дендиас Ақтау қаласында Грекия консулдығын ашуға көмектескені үшін ел Үкіметіне алғыс білдірді.

«Грекия мен Қазақстан бір-бірінен алыс қашықтықта орналасқан. Бірақ біздің арамыздағы достық қарым-қатынас өте жоғары маңызға ие. Қазақстанда 10 мың грек ұлтының өкілі тұрса, Грекияда мыңдаған қазақстандық тұрады. Бұл біздің берік достығымыздың нәтижесі деп білемін. Сонымен бірге Қазақстан Үкіметіне ризашылығымды білдіргім келеді. Бізді Ақтау қаласында күткеніне де алғыс айтамын. Бұдан әрі қарай да ынтымақтастық байланысымызды БҰҰ арқылы жүргіземіз деген үміттемін», - деп ризашылығын білдірді аталмыш елдің Сыртқы істер министрі.

Айта кетейік, кездесу барысында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді биылғы он айда Қазақстан-Грекия арасындағы сауда айналымы 1,4 млрд доларға жеткенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар