Қазақстан Глазго саммитінде жаңа міндеттемелерге қосылды – Экология министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жұмыстары жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан 2030 жылға дейін парниктік газ шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15 пайызға қысқартуға ниетті. 2019 жылы парниктік газдардың ұлттық шығарындылары 1990 жылғы деңгейден 2,4 пайызға төмен. Қазір қазақстандық делегация климаттың өзгеруі бойынша Глазгода өтіп жатқан саммиттің 26-сессиясына белсенді қатысуда. Атап айтқанда, 26-ы СОР шеңберінде Қазақстан «Орман және жерді пайдалану» декларациясына және де Білім мен жастарды тарту міндеттемесіне қосылды», - деді министр Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, әлемде климаттың өзгеруі бойынша негізгі трендтер байқалуда. Мәселен, ірі қаржы институттары таза жасыл технологиялардың пайдасына көмірмен байланысты жобалардан толығымен бас тартты. Көміртектік бейтараптық мақсаттары және сәйкесінше көмірден бас тарту туралы мәлімдеген елдердің саны жыл сайын өсуде.

«2026 жылдан бастап Еуропалық одақ көміртекті көп қажет ететін өнімдер импортына шекті көміртегі салығын енгізуді жоспарлады. Қазақстанның ЖІӨ көміртегі жоғары сыйымдылығын ескере отырып, аталған салық біздің экономикаға айтарлықтай әсерін тигізеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы мәлімдеген көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу бағытын іске асыру мақсатында «Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі Стратегиясы» жобасы әзірленді. Онда екі сценарий бар: базалық және көміртектік бейтараптық. Алдын ала есептемелерге сәйкес, көміртегі бейтараптығы сценарийі шығарындыларды 2060 жылға қарай 98 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді. Стратегияны әзірлеу жұмысы жалғасуда», - деп атап өтті С. Брекешев.

Бұдан басқа, Париж келісімінің мақсатына жету үшін ұлттық деңгейде анықталған салымдарды (ҰДАС) жаңарту жұмыстары аяқталды. Барлық негізгі секторлар үшін парниктік газ шығарындыларын азайтуды көздейтін шаралардың жол картасы әзірленді. Құжат мемлекеттік органдарда келісу сатысында.


Соңғы жаңалықтар