Қазақстан ғарыш саласын дамыту стратегиясын әзірлеуге кірісті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аталған құжатта 6 стратегиялық бағыт болады. Мұның барлығын іске асыру мерзімі 2030 жылға дейін есептелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожиннің айтуынша, бірінші бағыт бойынша Қазақстан зымыран ұшыру қызметтерінің әлемдік нарығына кіруі керек.

«Осы орайда экологиялық жағынан қауіпсіз «Бәйтерек» атты зымыран кешенін құру жоспарланып отыр. Аталған кешен Байқоңыр ғарыш айлағындағы «Зенит-М» нысандары негізінде құрылады. Бұдан бөлек, жеңіл және өте жеңіл санатқа жататын зымыран тасығыштар жасалады», - деді М.Нұрғожин Қазғарыштың 25 жылдығына арналған форумда. Аталған шара V халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ пен әскери теxника көрмесі аясында өтті.

Стратегияның екінші бағыты - ғарыш арқылы байланыс пен хабар тарату қызметтерін кеңейту. Соның аясында көрші елдердің байланыс операторларына транспондерлерді жалға беру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, KazSat-2R мен KazSat-3Rжер серіктері құрастырылады. Аталған аппараттар 2023-2029 жылдары пайдалануға беріледі деген жоспар бар. «Үшінші бағытқа сәйкес, жерді қашықтан зондау қызметтерін кеңейту керек. Ендігі кезекте, геопорталдар мен гесосервистерді құру арқылы ақпараттық қызмет көрсетуге көшкен маңызды. Осыған байланысты KazGeoSat-тың екі жер серігі жасалады. Олар қазіргі аппараттарды кез келген уақытта алмастыра алады. Сондай-ақ, 2023 жылға дейін KazSat-1 радарлық жер серігін құрастырып шығару жоспарланып отыр. Сөйтіп, ғарыш саласындағы қызмет көрсетудің әлемдік нарығына шығуымыз қажет», - деп атап көрсетті М.Нұрғожин.

Стратегияның төртінші бағыты ғарыш техникасын өз жерімізде құрастыруды көздейді. Аталған міндетке сәйкес, отандық материалдардың көлемін 55 процентке жеткізу керек. Шет елдерден тапсырыс алу қарастырылып отыр. Бесінші бағыт аясында Қазақстан ғарыш кеңістігін зерттеудің жаһандық жоспарына атсалысатын болады. Осыған орай, диаметрі 10 метр болатын автоматты телескопты орнату жоспарланған.

Алтыншы бағытқа сәйкес, спутниктік навигация қызметтері кеңейетін болады. Соның аясында геодезия мен картографияға арналған қосымшалар жасалады.

Айта кетейік, ағымдағы жылы Қазақстанның жаңа екі жер серігі ғарышқа  ұшырылады. «Жылдың соңында бір тағы екі жаңа жер серігін ғарышқа ұшырайын деп отырмыз. Аталған аппараттарды Қазақстан мен Ұлыбритания мамандары құрастырды. Бүгінде аталған жоба 98 процентке дайын.Соның арқасында қазақстандық мамандардың бес бірдей жаңалығы сынақтан өтеді. Олмамандардың барлығы Еуропа мен Ресейден тәжірибе жинақтап қайтқан», - деп атап көрсетті М.Нұрғожин. 

Соңғы жаңалықтар