Қазақстан ғарыш аппараттарын құрастырып, шығара алады - Виктор Лефтер

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ҚАӨМ-нің «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ Қазақстан Республикасының ғарыштық байланыс және хабар тарату бойынша ұлттық операторы болып табылады. Өткен жыл қандай жетістіктерге толы болды, мекеменің алға қойған жоспарлары қандай? Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ президенті Виктор Лефтер айтып берді.    

- Виктор Дмитриевич, өткен 2017 жыл сіз басқаратын ұжым үшін қалай болды?

-Ешқандай жыл оңай болмайды. Әрдайым ауыр  жұмыстың өтінде боламыз, себебі біздің ет жақын екі бауырымыз ғарышта ұшып жүр, олар -   KazSat-2 мен KazSat-3. 39 мың шақырым қашықтықтағы қауіпті ортада жүрген аппараттарымыздың қандай жағдайға ұшырап қалатынын бір құдайдың өзі біледі. Сондықтан бізге қойылатын талап та өте ауыр - еліміздің барлық құрылымдарын кедергісіз ғарыштық байланыспен қамтамасыз ету. Бұл өте мыңызды және жауапты мемлекеттік міндет.

2017 жылы өтпелі кезең болды біз үшін. 2017 жылы шығындарды ақтап, пайда таба бастадық. 2017 жылдың аяғында отандық телехабар тарату жұмыстары қазақстандық спутникке көшті. Алдағы уақытта Қазақстанды ғана емес маңайдағы мемлекеттерді де сапалы байланыспен қамтамасыз етеміз деп ойлаймын.

-Биыл Алматы облысында құрылған «Көктерек»  ғарыш апараттарын жер бетінен басқаратын қосалқы кешеннің құрылғанына бес жыл болады. Жұмыс қалай жүріп жатыр?

-Табиғат бізге қандай мінез көрсететінін алдын-ала білмейтінімізді есепке алатын болсақ, жердегі кешенді резервтеу жұмыстары өте маңызды. Неше түрлі жағдай болуы мүмкін. Бұған  қаңтарда болған қатты аяздар мен борандарды  мысалға келтіруге болады. Бірақ соған қарамастан кедергісіз байланыс үзілмеуі керек. Сондықтан бізге «Ақкөл» орталығындағыдай  сапалы резервтік орталық құру қажеттілігі туындады. 

Біз Алматыға қызметкерлерімізді толық құраммен орналастыра алмаймыз.  Сондықтан мынандай шешім қабылдадық. Алматыда орналасқан құрылғылар бар күшімен жұмыс істеп тұрады, қажет болған жағдайда «Ақкөлдегі» қызметкерлерімізді «Көктерекке» қажетті мөлшерде жібере аламыз. Біз бұған дейінгі резервтік жұмыстарды Ресей жүйелері арқылы жасап, оларға ақша төлеп келдік. Олардың жұмыстары көңілімізге қонған жоқ, қаншама даулы мәселелер орын алды.

Бұл жобаны Қазақстан үшін сәтті болды деп айта аламын. Бір ғана нәрсені атап өтейін. 34 млрд теңге өзімізде қалды. Жоба жасалмаған жағдайда аталған қаржы шетелдік оператордың қалтасына кетіп, өзге елдің ғылым саласын дамытуға жұмсалар еді.

- 2019 жылы орталыққа 15 жыл толады. Ұжымда қандай мамандар жұмыс істеп жатыр?

-Ғарыш байланысы -күрделі техникалық процесс деп айтуға болады. Сол себептен де біздің мамандар арнайы оқулардан өткен. Біздегі әр қызметкерге сенім артуға болады. Олардың мойындарында үлкен жауапкершілік тұр, сәл ғана қателіктің өзі орны толмас оқиғаларға әкелуі мүмкін. Алғашқы күннен бастап ғарыш аппараттарын біздің мамандар басқарады. Орталық қызметкерлерін оқытып-үйретуге Италия мен Ресейдің мамандары үлкен көмек көрсеткенін де айта кетуіміз керек.

-Қазақстан спутниктік байланысты өз күшімен  құра ала ма?

-Бұған толықтай сенімдімін, бірақ бұл мәселеге нақты ұстанымдармен келу керек.  Астана қаласында бізде ғарыш аппараттарын құрастырып, сынақтан өткізу кешенін салып жатқан  «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясы бар. Астанада сонымен қатар ғарыш техникаларын құрастырушы-инженерлер жетерлік. Сондықтан Қазақстан ғарыш аппараттарын құрастырып шығара алады деп толық сеніммен айта аламын. Неге дейсіз ғой? Себебі бізде Байқоңыр ғарыш айлағы бар.

-Қазақстандағы спутниктің байланыс саласы тобының ұлғайтылып жатқанын білеміз. Келесі спутникті Kazsat-4  деп атаудың орнына неге Kazsat 2R атаған, «4» саны қайда жоғалып кетті?

 -Аталған жұмыс бойынша мемлекеттік органдар бізге үлкен қолдау көрсетіп отыр. Алдағы жоспарларымыз қандай десеңіз айтайын, «шешінген судан тайынбас» дегендей, бізге енді тек қана алға жылжу керек. Еліміздің операторлары түгелдей бізге қарап отыр деп айтуға болады. Біз енді: «Ағайын, тоқтайтын болдық» деп айта алмаймыз ғой. Мұның барлығы мемлекетіміздің мақсат-мүддесімен байланысып жатыр. Ауылдардың барлығына телевидение кабелін тарту мүмкін емес, ал ғарыш арқылы Қазақстан мен қоса маңайдағы мемлекеттерді Моңғолия, Қытай, Ресейдегі қазақ диаспорасына  қазақ телеарналарын көруге мүмкіндік береміз.

Енді «4» санына келсек, бұл санның тарихымен байланысты жағымсыз дүниелер бар. «4» саны бар аппараттар әр жылдары әр түрлі аппаттық жағдайларға тап болған. Жалпы ғарыш саласы ырым мен тылысым деген дүниелерге көп мән береді. Себебі көп күш пен қаражат салынатын дүниенің сұрауы да салмақты.

-Ғарыш аппараттары сіздің балаңыздай болып кеткен шығар. Жоғалып кеткен Kazsat -1 туралы не ойлайсыз?

-Иә, біз тәулік бойы байланысып отыратын ғарыш аппараттары баламыздай болып кеткен. Кейде кәдімгі отбасы сияқты сезімдер де болады. Бәріміздің мақсатымыз бір болғандықтан спутниктерімізге жаны бар дүние ретінде қараймыз. Әрине оңай емес, алғашқы спутник жоғалып кеткенде бүкіл ұжымның салы суға кеткендей болды. Бірақ бұл бізге үлкен сабақ болып, қызметкерлерімізді  шыңдай түсті.

-Сіз өзіңізді ғарыш саласында жұмыс істеу маңдайыңызға жазған тағдыр ретінде қарайсыз ба?

-Нақты жауап беру қиындау. Бала кезімде апаттық жағдайда жерге қонған ұшаққа куәгер болдым. Маңайдың бәрі қаптаған әскери адамдар мен поршюттар. 60-шы жылдарда болған осы оқиға маған қатта әсер еткен еді. Бірақ тағдыр осы салада жұмыс істеуге жазыпты. Ғарыш - ол оңай сала емес. Біздегі талап өте жоғары 39 мың шақырым қашықтықтағы қауіпті ортада жүрген аппараттан тәулік бойы үздіксіз сигнал алып отыруың керек. Бұл бір құрылғыны 15 жыл бойы тоқтан суырмай жұмыс істетумен тең. Аппараттың жұмыс істеу уақыты 15 жыл.

-Сіздер қазір жұмыс істеп отырған ғимаратта бұрын перзентхана орналасқан екен. Сіздің сол перзентханада дүниеге келгеніңіз рас па?

- Осы жерде дүниеге келгенім рас. Мен ғана емес, бірқатар қызметтестерім осы Ақмоладағы ескі  ғимараттың ішінде туылған екен. Кез келген адам өз дүние есігін ашқан үйде жұмыс істеп отырған жоқ қой. Ал біз мақтанамыз.

-Соңғы сұрақ. Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

-Кейін сөз келмес үшін, жүргізіп жатқан жұмысыңа мығым болу. Жаса, көрсет, содан кейін мақтан! Мен өзімнің ұжымыммен мақтанамын, олар біртұтас жұмылған жұдырықтай. Біз қазір тарихи миисиямызды орындап жатырмыз. Ол - Қазақстан Республикасын ғарыштық байланыспен қамтамасыз ету миисиясы.

-Әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Соңғы жаңалықтар