Қазақстан ғалымдарының әрбір 5-ші жарияланымы әлемнің үздік ғылыми журналдарында жарық көреді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрлігі еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде отандық ғылым саласында қандай жетістіктерге қол жеткізілгеніне қатысты мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомствоның атап өтуінше, Қазақстан ғылымы 2011 жылы қабылданған «Ғылым туралы» және 2015 жылғы «Ғылыми және/немесе ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерциализациялау туралы» заңдарға сәйкес жүзеге асырылады. 1990 жылдары елімізде 289 ғылыми мекеме болды. Оларда негізінен ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын 50,6 мың адам жұмыс істеді. Ал бүгінде ғылыми зерттеулермен және әзірлемелермен 384 ұйым айналысады. Оған 22 378 адам, оның ішінде 17 454 маман-зерттеуші жұмылдырылған. Бүгінде ғылымға бетбұрған жастардың саны да артып келеді. Нақты айтар болсақ, 2011 жылы 35 жасқа дейінгі жас ғалымдардың саны 6,4 мың болса, өткен жылы олардың саны 8,1 мыңға жетті.

«Ғылым туралы» ҚР заңы жүзеге асырыла бастаған сәттен бері аталған жүйеде негізгі құрылым жұмысы қалыптастырылды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссия, Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама, Ұлттық ғылыми кеңес бар. Олардың құрамына ғалымдар, сарапшылар, өндіріс пен бизнес құрылымдардың өкілдері кіреді. Ғылымды басқарудың жаңа моделі мен ғылымды қаржыландырудың жаңа тетігі (базалық, гранттық, бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру) жұмыс істейді.

2017 жылы гранттық қаржыландыру арқылы 1 547 ғылыми жоба және 2015-2017 жылдарға арналған бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру бойынша 95 ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылды. Жүзеге асырылған жобалардың 35 пайызын жас ғалымдар (7 413 адам) әзірледі. Ал зерттеу топтарының құрамында шетелдік 716 ғалым болды. Отандық ғалымдар 201 патент және 21 авторлық куәлік алды. 86 әзірлеме қолданысқа енгізілді.

Ғылымды регламенттейтін нормативтік-құқықтық база күшейтілді. Оның ішінде ғылымды қаржыландыру, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізу ережелері, Ұлттық ғылыми кеңес тәртібі мен құрамы қайта қаралды. Нормативтік-құқықтық актілерде жобаларды гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру бойынша қабылданатын шешімдердің ашықтығы арттырылды. Жобаларды іріктеудің нақты критерийлері айқындалды. Сұралып отырған қаржы көлемінің негіздігін бағалау, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама баллын және Ұлттық ғылыми кеңес баллын жинақтау, жобаларды бекіту және қаржыландыру үшін жиынтық балл бойынша оларды саралау енгізілді.

2015 жылдың желтоқсанында алғаш рет Мемлекет басшысы Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік сыйлығымен 40 лауреатты марапаттады. 2019 жылы сыйлық 29, ал 2020 жылы 15 лауреатқа табыстылды. Жалпы, елімізде жыл сайын 6 атаулы сыйлық және 75 мемлекеттік ғылыми стипендия, оның ішінде талантты жас ғалымдарға арналған 50 стипендия беріледі.

ҚР Білім жіне ғылыми министрлігі жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылған. Жас ғалымдар үшін алғаш рет 2020-2022 жылдары ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыруға арналған конкурс өткізіліп жатыр. 2019 жылдан бастап еліміздегі барлық университеттерде Технологияларды коммерциализациялау кеңесі/Технологиялар трансферті кеңсесіне арналған гранттар бөлу аясында Технологиялар трансферті кеңсесінің шамамен 1 500 ғалымы мен қызметкерлерін оқыту басталды.

Қазақстан ғалымдарының халықаралық рейтингтік басылымдарда жарияланым жариялау белсенділігінің де айтарлықтай арта түскені байқалады. Бүгінде Scopus міліметтер базасындағы қазақстандық ғалымдар жарияланымдарының жалпы саны 2011 жылғы 577 мақаладан 34 есеге артып, 19 879-ға, ал Web of Science мәліметтер базасында 59 есе ұлғайып 425-тен 25 088 мақалаға жетіп отыр. Соңғы 5 жылдың ішінде қазақстандық ғалымдардың әрбір бесінші жарияланымы әлемнің ғылыми журналдарының топ-25 пайызына еніп келеді. Ал 2019 жылы 7 қазақстандық өздерінің пәндік саласы бойынша әлемде жұмысы ең көп дәйексөз келтірілген 1 пайыз ғалымдардың қатарына кірді.

«Біз ғылымның дамуына зор үлес қосып келе жатқан ғалымдарымызды мақтан тұтамыз. Еліміздегі ғылым саласының әлеуеті зор. Мәселен, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының коронавирусқа қарсы әзірлеген вакцинасын ерекше атап өтуге болады. Бүгінгі таңда ғылым саласының жетістіктері айтарлықтай көп, дегенмен проблемалар да жоқ емес. Сондықтан біз өз тарапымыздан еліміздегі ғылымның одан әрі дамуы үшін кешенді шаралар қабылдап жатырмыз», - деген еді таяуда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Білім министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты қолдауының арқасында ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі соңғы екі жылда шамамен екі есеге артты. 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл отандық ғылымның дамуына үлкен серпін беретін болады.

Бұған дейін елімізде гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстар үш жылда бір рет жүргізілсе, енді олар жыл сайын өткізілетін болады. Тек өткен жылы 5 конкурс өткізілді. Сонымен қатар алғаш рет гранттардың жаңа түрлері (ынтымақтастыққа бағытталған, қысқа мерзімді, жеке, жас ғалымдарға арналған және т.б) енгізілді. Бұл көптеген перспективті ғылыми идеяларға мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.

Докторанттардың стипендиясы 80 пайызға ұлғайды. Бұдан былай олардың стипендиясы жыл сайын 15 пайызға өсіп отырады және 2025 жылға қарай 260 мың теңгені құрайтын болады. Жас ғалымдарды қолдау үшін докторантурадан кейінгі зерттеулерге бағытталған арнайы гранттар бөлу жүзеге асырылады.

Ведомствоның атап өтуінше, ғылыми журналдардың тізімін қалыптастыру ережелеріне де өзгерістер енгізілді. 2021 жылдан бастап мықты, беделді ғылыми журналдарды қолдау жөніндегі жобаны іске асыру басталады. Енді жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Мұндағы механизм «ЖОО үздік оқытушысы» конкурсына ұқсас болады.

Сонымен қатар Қазақстан Президентінің қолдауымен 2020 жылы БҒМ-ге қарасты ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту және жұмысын жандандыруға бағытталған жаңа бюджеттік бағдарлама ашылып, 2,8 млрд теңге бөлінген еді. Нәтижесінде 23 ғылыми-зерттеу институтына жабдықтар сатып алынды. Биыл осы мақсатта 3,5 млрд теңге бөлінді. Демек институттарды модернизациялау бойынша жұмыс әрі қарай жалғасады.


Соңғы жаңалықтар