Қазақстан ғалымдары балық өнімдерін күнделікті тағам рационына енгізу үшін барын салмақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның балық шаруашылығының табысы жылына 1 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін. Бұл жайлы бүгін Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінде «Балық шаруашылығын дамытудың болашағы мен басымдылығы» тақырыбында өткен ғылыми-конференцияда айтылды.

«Қазіргі таңда балық шаруашылығының Қазақстан экспортында алар орны зор. Қазақстан шетелге жыл сайын құны 93 млн АҚШ доллары болатын балық өнімдерін экспорттайды. Балық шаруашылығына жылына 200-300 млн теңге инвестиция салынуда. ТМД елдері арасында Қазақстан ішкі су қоймасының көлемдері бойынша Ресейден кейінгі орында тұр. Қазақстанның көлдері, өзендері, су қоймаларының жалпы көлемі 3 млн га құрап отыр. Тұрақты аулауды қамтамасыз ету үшін елімізде 11 ірі балық өсіретін қойма бар. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның балық шаруашылығының табысы жылына 1 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін», - деді Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің бірінші проректоры Қанат Тілеуов. Маманның айтуынша, мұндай жоғары көрсеткішке жету үшін балық өсірудің жасанды тәсілін жолға қоюдың ғылыми негіздемесін жасау маңызды. «Қазақ Ұлттық Аграрлық университеті елімізде балық шаруашылығын дамытудың ғылыми негіздемесін жасауда. Біздің ғалымдар су қоймаларының флорасы мен фаунасын, гидрологиялық-гидрохимиялық режімін зерттеуде. Жүргізілген мониторинг арқасында су қоймаларының экологиялық ахуалы мен балықтардың қоректік базасының ахуалына баға берілді», - деді Қанат Тілеуов. Мамандар Қазақстандағы балық өнімдерінің тұтыну деңгейі өзге елдерден анағұрлым төмен дейді. Қазақстанда жылына жан басына шаққанда 5,2 кг балық пен балық өнімдері тұтынылса, Ресей мен АҚШ-та бұл көрсеткіш 20 кг-дан асады. Ал әлемдегі ең балықсүйгіш ел Жапонияда бір адам жылына 65 кг балық жейді екен. Қазақстан ғалымдары балық өнімдерін күнделікті тағам рационына енгізу үшін барын салмақ. «Экономикалық интеграция үрдісінде ішкі нарықта Қазақстан кәсіпкерлерінің бәсекелік мүмкіндігі зор. Өйткені, алыс шетелден әкелінген балықтар жол бойы қатырылып өз құнарлылығын жоғалтады. Сондай-ақ, қазіргі таңда университет мамандарымен теңіз балықтарын Қазақстан су қоймаларында жерсіндіру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу факультетінің деканы Батырхан Бұралқиев.

Соңғы жаңалықтар