Қазақстан ғалымдары аусылға, Ньюкасл ауруына қарсы вакцина әзірлемек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары бірқатар ауруға қарсы вакцина әзірлемек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында аталған институттың бас директоры Күнсұлу Закарья айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Институт ғалымдары болашақта жаңа диагностикалық және профилактикалық препараттарды, оның ішінде аусылға, контагиозды плевропневмонияға, күйіс қайыратын ұсақ жануарлардың обасына, Ньюкасл ауруына және басқаларына қарсы вакцина әзірлеуді жоспарлап отыр», - деді институт басшысы.

Оның дерегінше, бүгінде институт құрылымына биоқауіпсіздіктің 2 және 3-деңгейіндегі 13 ғылыми зертхана кіреді.

Онда 280 ғылыми қызметкер және жетекші вирусолог, биолог, биотехнолог ғалымдар (академиктер, ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD) еңбек етеді.

«Институтта микроағзалар мен вирустардың сирек кездесетін ерекше жиынтығы бар. Халықаралық ынтымақтастық аясында аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакциналарды әзірлеу туралы ДДҰ-ымен меморандумға қол қойылды. Институт ғалымдары аса қауіпті инфекцияларға қарсы отандық вакцинаның және басқа да биопрепараттардың 70-тен астам түрін әзірлеп, енгізді», - деді Күнсұлу Закарья.


Соңғы жаңалықтар