Қазақстан-француз көміртексіздендіру күні өтеді

Фото: Фото: shutterstock.com
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алғаш рет Қазақстан-француз көміртексіздендіру күні өтеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылғы 7 маусымда Франция-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасы «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының қолдауымен Назарбаев Университетінде алғашқы қазақстандық-француз Декарбонизация күнін ұйымдастырады.

Іс-шараның басты мақсаты – компаниялардың төмен көміртекті шешімдер саласындағы ынтымақтастығы үшін мүмкіндіктерді анықтау», - деді СІМ өкілі министрлікте өткен апталық брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, Декарбонизация күні Франция мен Қазақстан арасындағы көміртекке тәуелділікті азайту мәселесіндегі ынтымақтастықты дамытудың алғашқы алаңы болмақ. Өйткені, екі ел де 2050 және 2060 жылдарға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін өршіл мақсаттар қойып отыр.

«Іс-шара энергетикалық ауысу саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Ол үкімет өкілдерін, ұлттық компаниялар мен «Eurasian Resources Group», «Total Energies», «Air Liquide», «Orano» сияқты бизнес-көшбасшыларды, сондай-ақ «ECOJER», «IGTIC» сияқты экологиялық ұйымдарды, ғалымдар мен басқа да қатысушыларды біріктіреді. Іс-шара ақпаратпен алмасуға және төмен көміртекті экономикаға көшу мәселелерінің шешімін табуға ықпал етеді. Сала сарапшылары Қазақстанның энергетика және өнеркәсіп секторларындағы көміртекке тәуелділікті азайту жөніндегі әлеуеті мен мүмкіндіктерін талқылайды», - деді министрлік өкілі.


Соңғы жаңалықтар