Қазақстан фермерлері биыл 95 мың бас ірі қара мал сатып алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл 95 мың бас малды сатып алуға фермерлік шаруашылықтар несиелендіріледі. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылы фермерлік шаруашылықтар 63 мың бас ірі қара мал әкелді. Нәтижесінде, асыл тұқымды мал басының үлес салмағы 12 пайызға жетті. Биыл 95 мың бас малды сатып алуға фермерлік шаруашылықтарды несиелендіруді жоспарлап отырмыз. Жыл басынан бастап 21 мың бас сатып алуға фермерлер қаржыландырылды. Жалпы әкімдіктерге фермерлік шаруашылықтарды ірі қара мал әкелуге қатысты жұмыстарды белсендету керек, соның ішінде дайын инфрақұрылымы бар шаруа қожалықтарын да қарастыру қажет», - деді министр Үкімет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, былтыр қанатқақты жоба түрінде сатып алынатын малды кепілге қою арқылы қаржыландыру механизмі тәжиребеден өткізілді және аталған тетік биыл кеңінен қолданылатын болады.

«Басты міндеттердің бірі - сиыр еті өндірісінің тізбегін үздіксіз жүргізу. Республикада 279 мың мал орнына арналған бордақылау алаңдарының желісі және қуаты 240 мың тоннаға ет комбинаты бар. Олардың жүктемелігін арттыру үшін бұқашықтарды тапсыру жоспары қарастырылған. Фермерлерді ынталандыру үшін өнеркәсіптік бордақылау алаңдарына немесе ет комбинаттарына тапсырылған бұқашықтарды тірілей салмағына субсидиялау механизмі қарастырылған. Сонымен қатар, ет комбинаттары және бордақылау алаңдарында экспорттық шарты болған жағдайда, айналым қаражатын толықтыруды қаржыландыру қарастырылған», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар