Қазақстан фермерлері АӨК-ні дамытудың жаңа бағдарламасына шағымдануда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан фермерлері Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасына байланысты шағымдарын білдіруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Нұр Отан» партиясының ресми сайтына сілтеме жасап.

2017-2021 жылдарға арналған АӨК дамытудың жаңа бағдарламасында инвестициялық жобалардың құрылыс-жұмысына қарастырылған жәрдемақылар толығымен жойылған. Ал банктерден несие алған көптеген ауылшаруашылық өнімін өндірушілер, енді, бизнесінен айырылып қалудың аз-ақ алдында тұр.

Партияның республикалық қоғамдық қабылдауында халықпен кездескен ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғановқа осындай проблемалардың барын «Жаке» ауыл шаруашылығы қожалығының басшысы Айдын Албақай жеткізді.

«Айдын Албақай Қарағанды облысында 10 мың басқа арналған мал бордақылау орнын ашып, бұл жобаға қомақты қаржы салған. Қазіргі кезде бизнесмен мал сатып ала алмай отыр», - деп жазылған партия сайтында.

«Мен жобамды іске қоса алмай отырмын, ол кезінде керек болды, мемлекет те оны қолдады, енді, аяқ астынан қажетсіз болып қалды. Мемлекеттің қолдауынсыз қиын болады», - дейді ол.

Қайрат Айтуғанов болса, министрліктің мұндай шешімді қабылдауына қаржы тапшылығы әсер еткенін түсіндірді. Осыған орай, басымдыққа ие болған жобаларға ғана жәрдемақы берілетін болады.

Ауыл шаруашылығы вице-министріне өзге де шаруа қожалықтарының басшылары проблемаларын арқалай келген. Бірі ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға мемлекеттік қолдаудың тәртібін білгісі келсе, бірі банктен несие алудың қатаң талаптарына шағымын айтқан.

 

Соңғы жаңалықтар