Қазақстан Еуропаға 2,3 млрд доллардың тауарын экспорттауға дайын - Әлихан Смайылов

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан Еуропалық Одақпен ынтымақтастықтың сапасын арттыруға басымдық бермек. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Алматыда өтіп жатқан «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» екінші экономикалық форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, Еуроодақ – Қазақстанның сауда-саттық саласындағы ең ірі және маңызды серіктестерінің бірі, еліміздің сыртқы саудасының шамамен 30% Еуроодақтың үлесіне тиесілі.

Мәселен, өткен жылы тауар айналымының өсімі 38%-дан асып, шамамен 40 млрд доллар болды.

Биыл да бұл көрсеткіш қарқынды өсіп келеді: 3 айда сауда көлемі 12,5%-ға ұлғайып, 10 млрд доллардан асты.

Осы орайда Қазақстан Еуропаға жалпы құны шамамен 2,3 млрд доллар болатын 175 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайтуға дайын.

«Біз Еуропалық Одақпен ынтымақтастықтың сапасын арттыруға басымдық береміз және Қазақстан мен Еуропа арасындағы сенім мен құрметке негізделген өзара іс-қимылды әрі қарай нығайтуға ниеттіміз», — деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Қазақстан мен ЕО арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын атап өтті.

Атап айтқанда, өткен жылы Еуроодақтан Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестиция көлемі шамамен 23% өсіп 12,5 млрд доллар болды, бұл – соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш.

«Біз инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін қолда бар мүмкіндіктердің барлығын іске қосуға мүдделіміз», — деді Әлихан Смайылов.

Өз тарапынан Валдис Домбровскис Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар өте серпінді дамып келе жатқанын атап өтті.

«Біз Орталық Азия мен Еуропалық Одақ елдері арасында жүк тасымалдаудың жаңа жолдары мен мүмкіндіктерін дамытуға мүдделіміз. Ол үшін инвесторларды өңірдегі жобаларға тарту қажет, бұл тасымалдау кезінде кедергілерді жоюға және инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді», — деді Валдис Домбровскис.

Бұған дейін Еуропалық Одақ пен Қазақстан 9 млн еуроның жобаларын іске асыруды көздейтін «ҚР-ЕО ынтымақтастық құралы» қаржылық келісіміне қол қойғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар