Қазақстан Еуразиялық өнеркәсіптік кооперация орталығы ретінде әрекет етуге дайын – Мемлекет басшысы

Автор:  
Есімжан Нақтыбай

Қазақстан Еуразиялық өнеркәсіптік кооперация орталығы ретінде әрекет етуге дайын – Мемлекет басшысы Фото: t.me/aqorda_resmi

АСТАНА. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында Қазақстан Еуразиялық өнеркәсіптік кооперация аясында қай саланы дамытуға мүдделі екенін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан өзінің географиясы мен мүмкіндіктерін ескере отырып, Еуразиялық өнеркәсіптік кооперацияны дамыту орталығы ретінде әрекет етуге дайын. Бұл электромобильдер, магистральдық локомотивтер, вагондар, ауылшаруашылық және жеңіл техникалар, құрылыс материалдары мен химиялық өнімдер шығаратын бірлескен кәсіпорындар болуы мүмкін», - деді Президент.

photo

Мемлекет басшысы Қазақстан интеграция аясында қара және түсті металдардың кен орындарын игеру және дайын өнімді одан әрі өңдеу, өндіру бағытында бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін атап өтті.

Кеңейтілген кеңестің отырысына Қазақстан Президентімен қатар Ресей Федерациясының Президенті – ЖЕЭК төрағасы Владимир Путин, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, сондай-ақ Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қатысатыны хабарланған болатын.





Серіктестер жаңалықтары