Қазақстан Еуразиядағы экономикалық интеграцияның одан ары жалғасуын жақтайды - Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Еуразиядағы экономикалық интеграцияның одан ары жалғасуын жақтайды. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"5 жыл бұрын, 2014 жылдың 5 мамырында осы қалада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылды. Осылайша, біздің Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өңірлік интеграциялық бірлестік құру туралы идеясы өзінің өзектілігін, қажеттілігін, дербестігін дәлелдеді және шынайы өмірдің бөлігіне айналды. ЕАЭО аясында біз қысқа ғана уақыт аралығында ынтымақтастығымыздың барлық бағыттарында таң қалаларлық нәтижелерге қол жеткіздік", - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, Еуразиялық экономикалық одақта мығым институттық реформа құрылып, өзара іс-қимылдың тиімді форматы әзірленді.

"Қазақстан тең құқылық, серіктестік және өзара тиімділік негізінде Еуразиядағы экономикалық интеграцияның одан ары жалғасуын жақтайды. Бүгінгі отырыста ЕАЭО-ның ілгері қозғалысына жаңа серпін беретініне сенімдімін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.null

Айта кетейік, кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, РФ Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, сонымен қатар Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон құрметті қонақ ретінде қатысып отыр.

Жалпы отырыс барысында Мемлекет басшылары ЕАЭО дамуының өзекті мәселелері мен болашағын талқылайды. Атап айтқанда, цифрлық дамудың, Одақтың халықаралық қызметінің күн тәртібінде тұрған мәселелері, сондай-ақ 2019-2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясаттың негізгі бағдарлары қарастырылады.

Саммит соңында Жоғары Еуразия экономикалық кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының ЕАЭО туралы Келісімнің 5 жылдығына орай Бірлескен мәлімдеме жасауы, сондай-ақ бірқатар халықаралық құжаттарға қол қоюы жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар