Қазақстан ешбір елдің азаматына шекарада қасақана тексеру жүргізбейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан әлемдегі кез келген елдің азаматтарына шекарада қасақана тексеру жүргізбейді. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қырғыз дипломаттары назар аударған, Алматы халықаралық әуежайында орын алған Қырғызстан азаматтарына қатысты Қазақстанның құзыретті органдарының тексеру іс-шараларын түсіндіру мақсатында еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов Алматыда арнайы жұмыс кездесуін өткізді. Іс-шара барысында мүдделі ведомстволардың қатысуымен ҚР мемлекеттік шекарасында бақылау-өткізу пункттерінде өткізу тәртібін жетілдіру мәселелері, шекара қызметкерлерінің негізсіз іс-әрекеттеріне жол бермеу жөніндегі мәселелер талқыланып, оған арнайы қызметтік тексеру басталды»,- деді Айбек Смадияров. 

Оның айтуынша, келешекте қажетті рәсімдерді жүзеге асыру кезінде түрлі түсінбеушіліктерді болдырмау мақсатында объективті бақылау шаралары кешені және тиісті ведомствоаралық комиссия құруды қоса алғанда, бұзушылықтарға жылдам әрекет ету жүзеге асырылады. 

«Бұған қоса, көзделген шаралар мемлекеттік шекарадан өту уақытын минимумға дейін азайтады деп күтілуде. Жалпы алғанда, қазақстандық тарап әлемдегі ешбір елдің азаматтарына қасақана тексеру жүргізбейтінін және ҚР мемлекеттік шекарасындағы бақылау пунктерінен өту рәсімдері қабылданған халықаралық стандарттар мен нормаларға сай екенін растаймыз»,- деді СІМ өкілі.

Соңғы жаңалықтар