+7 (701) 759 90 19
USD 425.71 EUR 495.53
RUB 5.99 CNY 66.56
Jańalyqtar

Қазақстан энергетикалық саладағы жаһандық қауіп-қатерлер мен проблемаларды шешуде маңызды рөл атқаруы тиіс - К. Мәсімов

2009 жылғы 25 қыркүйек 18:46
Бөлісіңіз:
Қазақстан энергетикалық саладағы жаһандық қауіп-қатерлер мен проблемаларды шешуде  маңызды рөл атқаруы тиіс  -  К. Мәсімов

АСТАНА. Қыркүйектің 25‑і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгінгі күні әлемдік қауымдастық алдындағы ең өзекті мәселелердің бірі ғаламдық энергетикалық дағдарыстың тереңдей түсуі болып отырғаны рас. Оның үстіне мың құбылған мұнай бағасы қайсыбір елдерге майдай жақса, кейбір мемлекеттерді тығырыққа тіреп отыр. Сондықтан да бірқатар елдер өздерінің ұлттық қауіпсіздігінің қатарына ендігі күні энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де енгізбек ниет танытуда.

Сонымен қоса, бәлкім қазіргі жағдайға орай болар, «энергетикалық қауіпсіздік» деген ұғымның түсінік аясы да өзгеріп отырғанын аңғаруға болады. Мәселен, бұрын бұл тұтынушыларды энергетикалық ресурстармен тұрақты қамтамасыз ету деген мәселені ғана білдіретін еді. Қазір оған қуат көздерін халықаралық нарықта өндіру, тасымалдау мен сату шаралары да қосақталып, энергетикалық қауіпсіздік үшін жауапты болатын жайттар кеңи бастады.

Бұдан басқа, соңғы жылдары әлем елдері бойынша энергетикалық күрделілік мәселелері елдің экономикалық дамуына өз өрнегін салып, болжамдық көрсеткіштерден бастап болашақ жоспарларға дейін қайта пысықтауға итермелегені анық. Соның ішінде энергетикаға қатысты ұстанымдар да ауқымды түрде өзгерістерге ұласып отырғаны белгілі. Әрі энергетика мәселесі экономикалық дамудың ең алғашқы сұранысын тудыратын сала. Сондықтан да, дәл осы салаға баса назар аудару Қазақстан үшін бірінші кезектегі шаруаның бірі. Оның үстіне, еліміздің алдыға мақсат етіп қойған даму жолын алып қарастырсақ, ең басты сүйенеріміз де энергетика саласы болып қалмақ. Мәселен, Мемлекет басшысының индустрияландыру бағдарламасына сәйкес әрі алдағы уақытта атқарылатын Өндірістік қуаттарды оңтайлы орналастыру жоспарына орай, еліміздің энергетика мәселесі одан сайын өзекті бола түседі. Яғни, кез келген жобаны жүзеге асырудың негізгі тұғырында мұнай-газ, электр энергетикасы және соңғы кездері Қазақстанның қарқын ала бастаған саласы - атом өнеркәсібі ерекше рөл ойнайтын болады. Осындай жоғарыда тоқталған мәселелерді жеке-жеке сараптай келсек, онда осы аптада Астанада өткен энергетикалық апталықтың еліміз үшін қаншалықты маңызды екендігін бірден аңғарамыз.

Қазақстан мұнайының 110 жылдығы аясында ұйымдастырылып, апта бойы саланың өзекті мәселелерін талқылаған алқалы жиын барысында Халықаралық жастар конференциясы, мұнай-газ көрмесі ұйымдастырылып, IV Еуразиялық энергетикалық форумы өткізілді. Жиында энергетика саласындағы түйткілді мәселелер талқыланып, еліміздің инфрақұрылым нысандарын дамыту, мұнай мен химия, атом электр энергетикасы және электр қуатын үнемдеудің жаңа технологиялары, сондай-ақ қазақстандық мөлшерді арттыру, жас мамандарды даярлау, инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен тағы басқа осы саладағы көкейкесті мәселелер назардан тыс қалмады.

Әрине, энергетика десе, мұнай мәселесін алдыңғы орынға қойып, елең ете қалатынымыз да рас. Оның үстіне, ғаламдық экономиканың басты ресурсы ретінде мұнай әлем өркениетінің энергетикалық негізіне де айналып отырғаны жасырын емес. Қазақтың «қара алтын» саласын болашақ дамыту жоспарлары туралы айтқан Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев біршама жобалар бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталған. Каспий құбыр желісі консорциумын кеңейту, Қытайға мұнай тасымалдайтын құбыр қуаты, Кеңқияқ-Құмкөл мұнай құбырының мүмкіндігі туралы, ең бастысы ішкі нарықты мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз ету шаралары кеңінен әңгіме арқауы болды.

Сонымен қатар энергия қуаттылығын арттыру бағытында әлемнің басты назарында тұрған ядролық энергетика мәселесіне қатысты сөз қозғаған министр Қазақстан әлемдік ядролық нарықта негізгі ойыншылардың бірі бола алады және оған толық негіз бар екенін атап өтті. «Қазіргі кезде ядролық энергетика әлемдік баланста өзінің үлесін арттыруға қабілетті және осы арқылы адамзаттың энергияға деген қажеттілігінің өсімін қамтамасыз ете алатын тұрғыда бірыңғай сипатқа ие. Болжам бойынша, 2050 жылы энергетикалық ядролық реакторлардың паркі үш есеге жуық шамада артатын болады. Осы орайда, Қазақстан жаһандық үрдістен тыс қалмайды. Табиғи уранның елеулі қорына және ядролық отын өндірісі компоненттерін иемдене отырып, Қазақстан әлемдік ядролық нарықта әлеуетті түрде негізгі ойыншылардың бірі бола алады», - деді С. Мыңбаев.

Жалпы, дағдарыс кезеңінде энергетикалық тұрақтылықты қалыптастыру секілді мәселеден жұмыр жердің бетіндегі бірде-бір мемлекет тысқары қала алмайтыны рас. Оның үстіне көздің жауын алатындай Каспий қайраңын игеру секілді сүбелі мәселелерге қатысты құлағын тігіп отырғандар да жетерлік. Екіншіден, бүгінгі күні Қазақстан Еуразиялық құрлықтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынына сеніммен қарай бастағандар да баршылық. Сондықтан да елорданың «энергетикалық апталығына», Еуразиялық энергетикалық фо­румға қатысты қызығушылық ерекше болды. Жиын барысында сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қазақстан энергетикалық саладағы жаһандық қауіп-қатерлер мен проблемаларды шешуде маңызды рөл атқаруы тиістігін атап өтті. Үкімет басшысының айтуынша, мұнай мен мұнай-газ өнімдерінің сұранысын қамтамасыз ету тұрғысынан келгенде, Қазақстан қажетті қуаттарды қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, Премьер-Министр Қазақстан Үкіметі мұнай-газ секторындағы мемлекет пен жекеменшік серіктестігін дәйекті дамытып отырғанын атап көрсетті. «Экономиканы және экспорттық ережелерді әртараптандыру стратегиясын дамытуға қатысты айтатын болсақ, біз жаңа көліктік инфрақұрылымдарды құруға ден қоюдамыз. Бұл ретте біздің мұнай құбырларымыздың желілерін біртіндеп дайындау маңызды болып табылады», деген Үкімет басшысы «Атырау - Самара», «Орталық Азия - Орталық» желісін қайта жаңғырту, Каспийдің мұнай құбырларының инфрақұрылымдарын дамыту маңызды мәселе болып табылатынын айтты. Премьер-Министр «Баку - Тбилиси - Жейһан» және Қытайға бағытталған магистральдық құбыр жолы сынды іргелі маршруттардың инфрақұрылымдары, сонымен бір мезгілде, Ақтау және Құрық айлақтарының жұмыстары жақсарып жатқандығын жеткізді. «Осылайша Қазақстан өзін әлемдік рынокқа мұнай-газ ресурстарының сенімді жеткізушісі ретінде танытып үлгерді», деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Қазақстан климаттың өзгеруінде маңызды рөл атқаратынын, бұл ретте көмірсутекті шикізаттарды өндіру кезінде газдардың шығарындыларын шектеу жөніндегі жауапкершілікті ұстанатынын айтты.

* * *

Қазақстандық банк секторы мемлекет тарапынан кешенді реттеуге мұқтаж. Осы аптада Астанада отандық және шетелдік іскер топ өкілдерімен кездесіп, біршама өзекті мәселелер бойынша сұхбаттасқан ҚР Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов осындай мәселеге назар аударды. «Қазіргі таңдағы халықаралық рыноктың үрдісі мемлекет банк секторын көп реттеуі тиіс деген қисынға алып келе жатыр. Біз жаһандық рыноктағы жағдай қалай қалыптасатынын бағамдаймыз және осы үрдісті мұқият бақылайтын боламыз», деді К. Мәсімов. Премьер-Министр соңғы екі жыл күрделі болғандығына тоқтала келе, дегенмен қазақстандық банк жүйесінің ішіндегі күрделі проблемаларды шешуге тақап қалғанын айтады. Осы орайда К. Мәсімов Қазақстан Үкіметі келесі аптада өтетін «үлкен жиырмалық» өкілдерінің кездесуінде банк секторына қатысты қандай шешімдер, қандай шаралар қабылданатынына мұқият көз тігетіндігін атап көрсетті. Оның айтуынша, дағдарысқа дейінгі кезеңде банк секторын реттеуде кеткен кемшіліктер қазіргі таңдағы нәтижелерге алып келіп отыр. «Пайыздық ставкалар және оларды төмендету жайында айтатын болсақ, бізге жақсы макроэкономикалық жағдайлар жасау қажет және тек рыноктық механизмдер арқылы ғана пайыздық ставкаларды сақтауға болады», деді Үкімет басшысы қатысушылардың бірінің сұрағына берген жауабында.

Бұл басқосуда Қазақстан Үкіметі Стрестік активтер қоры жұмысы жайлы жаңа тұжырымдаманы әзірлейтіні де белгілі болды. Бұл турасында Үкімет басшысы «қазіргі жаңа жағдайды және біздің алдымызда тұрған жаңа қатерлерді ескере отырып, біз Стрестік активтер қоры қалай жұмыс істеуі керек деген жаңа тұжырымдама әзірледік. Біз ол жайында еліміздегі проблемалы банктер бойынша келіссөздер аяқталысымен егжей-тегжейлі айтатын боламыз», деп атап өтті. Үкімет басшысының айтуынша, Стрестік активтер қорының жаңа тұжырымдамасы шетелдік консультанттармен пысықталған.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Қанат Мәметқазыұлы

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT