Қазақстан Елшісі Түркия вице-президентімен стратегиялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркияның вице-президенті Фуат Октаймен кездесу барысында бауырлас мемлекеттер арасындағы екіжақты және көпжақты стратегиялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда тараптар Қазақстан-Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының 11-ші отырысында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын және комиссияның келесі кездесуінің мерзімін сөзетті.

«Сондай-ақ, алдағы уақытта Түркістанда өтеді деп жоспарланған Түркітілдес мемлекеттер басшыларының бейресми Саммиті, екі елдің өзара инвестициялық ынтымақтастығын арттыру жолдары, екіжақты инвестицияны ынталандыру үшін қосымша механизмдерді қарастыру және Қазақстан мен Түркия арасында өзара эспорт-импорттық тиісті келісімшарттарды пысықтау мәселелері кездесудің басты тақырыптары болды», - деді ҚР СІМ-нен.

Әлемдік сауданың төмендеу үрдісіне қарамастан, екі ел басшыларының тығыз әрі сенімді байланыстарының арқасында сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастар дамуының оң динамикада екенін атап өткен А.Сапарбекұлы, биыл екі ел ынтымақтастығы бұдан да жақсы көрсеткіштерге ие болатындығына үміт білдірді.

«Ф.Октай бауырлас елдер арасындағы сауда көлемін Мемлекет басшылары бекіткен қысқа мерзімде 5 млрд АҚШ доллары межесіне жеткізу бойынша қарқынды жұмыстарды жалғастыру маңызына баса назар аударды.


Кездесу нәтижесінде Қазақстан-Түркия үкіметаралық экономикалық комиссия уағдаластықтарын жедел түрде іске асыру мақсатында жуырда екі елдің тиісті министрліктері арасында видеокездесулер өткізу жоспарлануда», - делінген министрлік ақпаратында.

Айта кетейік, 2020 жылдың 11 айында екі ел арасындағы сауда айналымы 2,8 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстанға тартылған түркиялық инвестиция көлемі үшінші тоқсанда 282,5 млн АҚШ долларына жетті.


Соңғы жаңалықтар