Қазақстан Елшісі Сербияның Премьер-Министрімен кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Белград қаласында Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрбах Рүстемов Сербияның Премьер-министрі Анна Брнавичпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Келіссөздерде екіжақты ынтымақтастықтың жағдайы мен болашағы, оның ішінде осыған дейін бекітілген уағдастықтарды жүзеге асыру барысы талқыланды. Кездесу кезінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, екі ел кәсіпкерлері арасында байланыстарды тереңдетуге жаңа мүмкіндіктерді қарастыруға ерекше екпік қойылды»,-делінген Мажарстандағы ҚР Елшігінің хабарламасында.

Елші Н. Рүстемовтің атап өтуінше, Қазақстан мен Сербия арасындағы қолайлы қатынастар сауда-экономикалық салада тараптардың ынтымақтастығына оңтайлы ықпал етуі тиіс.  Атап айтқанда, екіжақты өзара іс-қимылды ары қарай кеңейтуде ауыл шаруашылығы, инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы, әскери-өнеркәсіптік, азық-түлік және туризм салаларында жақсы мүмкіндіктер бар.

Сонымен қатар қазақстандық дипломатиялық миссияның басшысы биылғы 7-8 қарашада Сербия Парламентінің төрайымы Мая Гойковичтің Қазақстанға алғашқы ресми сапары елдер арасындағы байланыстарды нығайтуға тың серпін беретіндігіне сенім білдірді. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен Сербияның парламентаралық диалогын мазмұнды түрде толықтырмақ.

Өз кезегінде Анна Брнабич соңғы жылдары екіжақты ынтымақтастықтың дамуы қарқынына жоғары баға берді. Осы орайда ол Қазақстан Сербияның маңызды серіктестерінің бірі болып табылатынын, алдағы уақытта екі ел арасындағы байланыстардың барлық бағыттары бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екендіктерін атап өтті.

Сербиялық Премьер қазақстандық бизнесті жергілікті нарыққа белсенді түрде кіруге шақырды және бірлескен кәсіпорындар ашуға мүмкіндіктер мол екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар