Қазақстан еліміздің азаматтары Таиландтағы оқиға бойынша айыпты емес деген ұстанымға бекініп отыр - Сыртқы істер министрлігі

None
None
АСТАНА. Желтоқсанның 21-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ -  Қазақстан еліміздің азаматтары Таиландтағы оқиға бойынша айыпты емес деген ұстанымға бекініп отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Бангкоктағы мәселе бойынша жалпы Қазақстанның ұстанымына тоқталатын болсақ, Таиланд үкіметінің іс-әрекеттері толықтай БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Солтүстік Кореяға қатысты тиісті резолюцияларына сай келіп отыр. Біз ол жағынан ешбір дау көтеріп отырған жоқпыз»,- деді Е. Ашықбаев.

 «Қазақстан өз азаматтарының айыпсыз екеніне сенеді. Өйткені олар жалдамалы қызметкерлер ретінде, яғни осы ұшақтың экипажы ретінде бүкіл халықаралық жүк тасымалының тәжірибесі мен тиісті халықаралық конвенцияларына сәйкес тасымалданатын жүктің ішіндегі заттарына жауапты емес. Сондықтан осы тұрғыдан алғанда Қазақстан азаматтары бұл оқиғаға бойынша айыпты емес деген ұстанымға сенеміз», - деді ресми өкіл.

 Оның айтуынша, халықаралық тиісті талаптарға сәйкес бұл жүкті жіберуші мекеме жауапты болады. Ал экипаждың жүкке еш қатысы жоқ.

«Қазіргі кезде Қазақстанның Бангкоктағы дипломатиялық миссиясының қызметкерлері қамаудағы еліміздің азаматтарымен күнделікті хабарласып, қажетті заттар мен дәрі-дәрмектерді жеткізіп отыр»,-деді Е. Ашықбаев.

Ресми өкіл қазіргі кезде еліміздің азаматтарын сотқа дейін кепілдік арқылы шығарып алу шаралары көзделіп отырғандығын айтып өтті.

  Бұдан бұрын хабарланғандай, Бангкокта ұсталған 4L-AWA нөмірлі Ил-76 ұшағы Грузияның «Айр Вест Джорджиа ЛТД» компаниясының атына тіркелген.  Аталған ұшақты жаңазеландиялық «СП Трейдинг ЛТД» компаниясы жүк тасымалдау үшін жалға алған. Ұшақтың экипажындағы 4 қазақстандық пен беларустық 1 азаматты «Айр Вест ЛТД» компаниясы ұшақта қызмет көрсету үшін жалдаған және бұл шара халықаралық нормаларға сәйкес.

Соңғы жаңалықтар