Қазақстан электр энергиясын Түркия мен Еуропаға экспорттауды жоспарлап отыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан электр энергиясын Еуропаға тарту жобасын пысықтап жатыр. Бұл туралы Астана халықаралық форумында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде электр энериясы қуатын жеткізу саласында бірінші кезекте ел аумағын толықтай қамтамасыз етуге баса назар аударып отырмыз. Сонымен бірге біз осы бағытта бірегей әлеуетімізді пайдаланып, энергияны Еуропаға да экспорттауды қарастырып жатырмыз. Әзербайжандағы әріптестерімізбен жоғары қуатты кабельді тарту бойынша жаңа жобаны талқылауды бастадық. Бұл жоба Қазақстанға электр энергиясын Түркияға, Еуропаға жеткізуге мүмкіндік берер еді», - деді А. Сәтқалиев.

Сонымен қатар ведомство басшысы Қазақстан көмірдің орнына отын ретінде табиғи газды пайдалануға назар аударып отырғанын еске салды.

«Таза отыннан өндірілген электр энергиясы бізге экспорттық преференциялар алуға ықпал жасайтынын және ел ішіндегі өндірістерге қажет энергияны қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін түсінеміз. Табиғи газ – көмір ресурстарын алмастыра алатын отын. Бізде осы бағытта кешенді жоспар бар. Сондықтан стратегиялық серіктестермен осы жұмыстарды пысықтап жатырмыз. Жоспарларымызды жүзеге асырудан елеулі нәтиже болады деп ойлаймыз», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар