Қазақстан экспорты үшін перспективаға ие 11 әлеуеті басым тауар позициясы аталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Таяу жылдары Қазақстан экспорты үшін үлкен перспективаға ие 11 әлеуеті басым тауар позициясы аталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа сілтеме жасап.

Бақыт Сұлтанов Facebook -тегі парақшасында Қазақстанның экспорты туралы пікір білдірді.

«Жақында менің әріптесім - Ұлттық экономика министрі 2025 жылға дейінгі cтратегиялық жоспардың жаңа редакциясы туралы айтып берді. Онда еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруды жандандыруға үлкен көңіл бөлінетін болады. Біз бір жылдан астам уақыт бойы әлемдік нарықтарды саралап, экспорттық өнімдеріміз үшін тауарларды іздеу бойынша белсенді жұмыс істеп келеміз. Айтқанымдай, мен әрбір сапарымда шетелдік әріптестерімізге өнімдерімізді тізім бойынша ұсынамын. Бір жерде біз АӨК өнімдерін, бір жерде машина құрастыру, басқа елдерде металл өңдеу тауарларын өткізу әлеуетін көріп отырмыз», - дейді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, жалпы 11 әлеуеті басым тауар позициялары аталып өтілген.

«Олар біздің көзқарасымыз бойынша таяу жылдары экспорт үшін үлкен перспективаға ие. Бұл тізімге келесі тауарлар жатады: өсімдік майлары; ұн өнімдері; макарон өнімдері; қой еті; шошқа еті; сиыр еті; пестицидтер; тыңайтқыштар; мұнай химиясы; трансформаторлар; аккумуляторлар», - дейді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің пікірінше, еліміз үшін ең жақын үлкен нарық – Қытай. «Экспорттың қосымша әлеуетінің 60% - дан астамы Қытай нарығына бағытталмақ. Оған себеп - Қытай нарығында АӨК тауарларына (өсімдік майлары, ет және ет өнімдері), сондай-ақ мұнай-химия өнімдеріне жоғары сұраныс болуында.

Екінші орында – Ресей нарығы (жалпы экспорттық әлеуеттің шамамен 10% тиесілі). Солтүстіктегі көршіміз АӨК тауарлары, пестицидтер және машина жасау тауарларына сұраныс білдіруде. Сондай-ақ, Ресейге сиыр еті мен шошқа етінің экспортын ұлғайту жоспарланып отыр», - деді министр.

Оның атап өтуінше, экспорттық әлеуеттің шамамен 30%-ы басқа елдерге – Орталық Азия, Таяу Шығыс және алыс шетел нарықтарына тиесілі. Бұл елдерге негізінен тыңайтқыштар мен мұнай химиясы, сондай-ақ өсімдік майы экспортының көлемі ұлғайтылатын болады.

«Айта кетерлігі, біз тек бұл 11 тауар түрімен шектелмейміз. Экспортты ұлғайту әлеуеті жоғары 10 ел іріктелді. Оларға Қытай, Германия, Индонезия, Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея, Италия, Жапония, Ұлыбритания және Аустрия кіреді. Бұл елдерге бағытталған жиынтық әлеует 87 тауар атауы бойынша шамамен 5 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл негізінен ферроқорытпалар, уран, темірден жасалған шыбықтар мен жартылай фабрикаттар, құбырлар, алюминий оксиді, құбырларға арналған арматура, полипропилен, бейорганикалық химия өнімдері. Тамақ өнеркәсібінен ұн, минералды су, күнбағыс майы, макарон өнімдері, кондитерлік өнімдер, шоколад және басқа тауарлар жатады.

Бүгінгі таңда пандемияның теріс экономикалық салдары жылдарға созылуы мүмкін екенін түсінуіміз қажет. Отандық кәсіпорындар шетелдік нарық тауашаларын иеленуді үйренуі керек. Әрине, бұл ретте біздің тараптан қолдау шаралары қарастырылады», - дейді Бақыт Сұлтанов.

Жыл басынан бері мемлекет 114 кәсіпорынға өз өнімдерін сыртқы нарықтарға жылжыту бойынша қолдау көрсетілген.

«Басым көпшілігі шағын кәсіпорындар болды. Азық-түлік саласының кәсіпорындары өте белсенді экспорттаушылар болып табылады, олар негізінен орта және жоғары шекті өңделген тауарларды экспорттайды.

Бұл қолдау құралы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қытай және Түркіменстан нарықтарында біздің өнімдерімізге деген жоғары сұранысты тағы да растайды. Сонымен қатар, өткізу нарықтарын кеңейте отырып, отандық өнімдер Германия, Польша, Италия, Швейцария, Молдова сияқты Еуропа елдерінің нарықтарына да жеткізіледі.

Демек, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс көп. Әсіресе жаһандық сауда көлемінің төмендеу үрдісі жағдайында әрдайым назарда болу қажетпіз», дейді Бақыт Сұлтанов.


Соңғы жаңалықтар