Қазақстан ЭКСПО көрмесінде қай елдің туристеріне үміт артады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ туризм және дамыту департаментінің директоры Аллен Шайжүнісов «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде қай елдің туристеріне көп үміт артылатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Негізгі басымдықты біз ең алымен, Ресей мен Қытайға беріп отырмыз. Ресеймен тығыз тарихи, экономикалық байланыстар орнаған. Қазақстан мен Ресейдің құрлықтағы шекарасы да ең ұзын саналады. Ресей тарабынан Қазақстанмен шектесетін 12 шекарамаңы өңірі бар. Ресейліктердің біздің елімізге қызығушылығы жоғары. Жаз айларында тек Бурабайдың өзіне шамамен 500 мың турист келсе, оның басым бөлігін ресейліктер құрайтындығын көріп отырмыз», - деді ол.

Шайжүнісов келесі кезекте 2017 жылы Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының туризм жылы деп жарияланғанын еске салып өтті.

«ЭКСПО» қарсаңында Сыртқы істер министрлігі тарабынан топтық виза алуды жеңілдетуге бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілді. Өздеріңіз білетіндей, оған дейін Қытай азаматтары үшін Қазақстан визасын алу өте қиын болған еді. Қазір Қытайдың бейінді ведомстволарының аккредитациясын алған қытайлық туристік компаниялардың пулы бар. Қытай Үкіметі ол компаниялардың дұрыс жұмыс істейтіндігіне, жақсы тәжірибесі барлығына кепіл береді. Ал Қазақстан визасын алған Қытай азаматтарына жауапты болатын компаниялар біздің мемлекеттік органдарға өтінім жібереді. Осыдан кейін 20-дан 50-ге дейінгі адамға топтық виза рәсімделеді»,-  деді департамент директоры.

Мұнан бөлек, Қазақстан тарабы Еуропадан келетін туристерге де үміт артады. Олардың қатарында бұрынғы Кеңес одағы құрамында Қазақстанмен бірге болған Беларусь пен Украинадан бөлек, Польша, Чехия азаматтары бар. Ал Шығыс Еуропадан Германия, Италия, Франция тарабынан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қызығушылық байқалады.

«Шығыс-Азия елдерінің де қызығушылығы жоғары екендігін байқадық.Таяуда ғана Мемлекет басшысының Жапония мен Оңтүстік Кореяға сапары аяқталды. Осы сапар аясында «Астана ЭКСПО-2017» компаниясы тарабынан Жапония мен Кореяның туристік компанияларымен бірқатар келісімге қол қойылды»,-  деді Шайжүнісов.  

Соңғы жаңалықтар