Қазақстан ЭКСПО-2017 көрмесінің жаңа технологияларын енгізіп жатыр - Қанат Бозымбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде халықаралық павильондар таныстырған жаңа технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыс атқаруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта министрлік ЭКСПО-2017 көрмесінің халықаралық павильондарында таныстырылған жаңа технологияларды Қазақстанда қолдану мүмкіндіктерін қарастыруда. Министрлік ұлттық компания қызметкерлерінен, энергетиканың түрлі секторларындағы сарапшылардан, министрлік өкілдерінен арнайы сараптамалық жұмыс тобын құрды», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен дөңгелек үстелде.

Сараптамалық жұмыс тобы халықаралық павильондар ұсынған жаңа технологияларды бағалау жұмыстарын жүргізген және Австрия, Германия, Нидерланды, Испания, Англия, Ресей, Канада, Мажарстан, Финляндия сынды мемлекеттер әкелген 105 технологияның тізімін құрған.

«Шетелдік павильондар технологиясы өз ерекшеліктері бойынша 4 бағытқа бөлінген. Сәйкесінше, мұнай және газ бойынша - 27 технология, көмір және атом өндірісі бойынша - 5 технология, электроэнергетика және энергияны үнемдеу бойынша - 44 технология және экология, оның ішінде қоқысты басқару, суды тазарту, ауаның сапасын бақылау бойынша - 29 технология іріктеліп алынды», - деді министр.

Сарапшылар энергияны сақтау, «ақылды» желілерді құру қағидалары, жылумен қамту және мұнай-газ секторындағы энергия тиімділігі, қоқыстарды басқару технологияларын ерекше бөліп көрсеткен.

«Қазір аталған технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жұмысқа кәсіпорындар да, жергілікті атқару органдары да кірісіп кетті», - деп толықтырды Қ.Бозымбаев.

Тағы бір айта кетерлігі, ҚР Энергетика министрлігі отандық ғалымдардың 28 жобасын насихаттап, ақпараттық қолдау білдірген. Олар туралы ЭКСПО роликтері Facebook, Instagram желілерінде және Youtube бейнехостингінде жарияланған.

«Отандық ғалымдардың жобалар тізімі байланыс деректерімен бірге министрлік сайтына шығарылды. Қазақстандық ғалымдардың жұмыстары ресми хат түрінде 170 ұлттық компания мен өңір әкімдіктеріне жолданды. Қазіргі уақытта бірқатар компания отандық ғалымдардың жобаларын қарастыруда, кей жобалар қолданысқа енгізіліп жатыр», - деп хабарлады Қанат Бозымбаев.

 

Соңғы жаңалықтар