Қазақстан экономикасының қалпына келуі жалғасып келеді – Ерболат Досаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан экономикасы қалпына келуін жалғастырып келеді және биылғы жылдың 7 айында 2,7 пайызға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыртқы жағдайлардың жақсаруы, қолданыстағы фискалдық ынталандыру және өткен жылдың төмен базасы аясында ұлттық экономиканы қалпына келтіру жалғасуда. Әлемдік экономиканың бұдан былайғы даму қарқыны коронавирустың дельта штамының таралу тәуекелдеріне және дамушы елдердегі вакцинацияның төмен қарқынына байланысты болып отыр. Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларының арқасында Қазақстан экономикасы қалпына келуін жалғастыруда және биылғы жылдың 7 айында

2,7 пайызға өсті. Осы жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық банк ішкі жалпы өнімнің 3,7%-ға өсуімен дағдарысқа дейінгі деңгейге қайта оралуды күтуде», - деді Е. Досаев.

Оның айтуныша, Үкімет пен Ұлттық банктің макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен шараларын іске асыру Қазақстан экономикасындағы оң өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік берді, оны халықаралық рейтинг агенттіктері растап отыр. Қазақстанның тәуелсіз рейтингі Moody's агенттігі тарапынан 2006 жылдан бастап алғаш рет «Baa2» деңгейіне дейін көтерілді, сондай-ақ Fitch агенттігі тарапынан «BBB» деңгейінде расталды, екі жағдайда да тұрақты болжамға ие болды.

«Жоғарыда айтылғандар негізінде Ұлттық банк Әлеуметтік-экономикалық дамудың 2022-2026 жылдарға арналған болжамы үшін негізгі ақша-кредит саясаты және төлем балансы көрсеткіштерінің болжамын жаңартты», - деді ҰБ басшысы.


Соңғы жаңалықтар