Қазақстан экономикасы өңірдегі ең тұрақтылардың бірі - Қ.Келімбетов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның халықаралық резервтері 100 миллиард АҚШ долларынан асты. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов Алматыда өтіп жатқан «Financing Growth in Kazakhstan» форумында мәлім етті.

Ұлттық Банк Төрағасы Қайрат Келімбетов елдің қаржы секторын реттеу саласындағы реформалар және оның бәсекеге қабілеттілігін қалпына келтіру туралы баяндады.

«Қазіргі уақытта елдің халықаралық резервтері 100 миллиард АҚШ долларынан астам. Инфляцияның жылдық деңгейі бұрын жария етілген 6-8% дәліз шегінде. Біз Қазақстанда өңірдегі ең тұрақты экономикалардың бірі орнығып отыр деп мақтанышпен айта аламыз. Алайда, банк жүйесі саласында әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Мәселен, қайтарымсыз кредит қоржынының артуы біздің еліміздің халықаралық инвестициялық қауымдастық алдындағы инвестициялық тартымдылығын төмендете түседі», - деп атап өтті Қайрат Келімбетов.

Оның айтуынша, Қазақстандағы банк жүйесінің жұмыс жасамайтын кредиттер қоржыны 36 пайызды құрайды. Ал, Ресейде 6 пайыз, Сингапурда 1 пайыз болған жағдайда бұл екі елдің инвестициялық тартымдылығын салыстырудың өзі артық, дейді бас банкир.

Форумға қатысушылардың алдында онлайн-режімінде Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов және Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов құттықтау сөз сөйледі. «Қазақстанда қаржылық хабты құру үшін нақты алғышарттар жасалған, оның кәсіби мамандану мәселесін әлі де айқындау қажет. Осы форум аталған жайт бойынша сындарлы пікір алмасуға мүмкіндік береді және өзара тиімді сұхбат алаңы болады деп үміттенемін» - деді Үкімет басшысы.

Форумға ҚР Үкіметінің, Еуразиялық зкономикалық комиссиясының, Алматы қаласы әкімдігінің, «Самұрық-Қазына» қорының басшылары, сондай-ақ ХВҚ, ЕҚДБ, Еуропалық орталық банк сияқты халықаралық қаржы ұйымдарының, ірі консалтингтік компаниялардың және коммерциялық банктердің өкілдері мен сарапшылары қатысуда.

«Financing Growth in Kazakhstan» форумына қатысушылар өзгермелі әлемдік экономика жағдайларында оңтайлы жұмыс істеу үшін банктер және мемлекет қабылдайтын шараларды талқылайды, қаржы секторының дамуы үшін негізгі бағыттар мен мүмкіндіктерді айқындайды деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар