Қазақстан экономикасы оң динамикаға шықты: Ең қарқынды дамып жатқан салалар қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен жылдың наурыз айынан бері ел экономикасы алғаш рет дамудың оң әрі тұрақты динамикасына түсті. 2021 жылдың қаңтар-сәуір аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері осылай деуге толық негіз береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық экономика министрлігі 4 айда ЖІӨ-нің 0,7 пайызға артуын бұдан әлдеқайда кейінгі мерзімде тіркеледі деп болжаған еді. Осыдан-ақ, экономиканың дамуы қарқын ала бастағанын көруге болады.

Мұндағы негізгі драйвер нақты сектордағы тұрақты өсім болды. Тау-кен өнеркәсібін қоспасақ, нақты өсім 7,9%-ға жеткен.

Құрылыс секторындағы өсім бұдан да қарқынды, пайызға шақсақ, 12,5% болды. Ақпарат және байланыс саласында 11,1%, өңдеу өнеркәсібінде 7,7%, сумен жабдықтау саласында 7,5%, электрмен қамтамасыз ету бөлігінде 5,3% және ауыл шаруашылығында 3% өсім қалыптасқан. Дәл осындай динамика тұрақты сақталса, аталған секторлардың елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі артып, экономиканың әртараптануын жылдамдатуы мүмкін.

Бәрінен де пандемиялық шектеулерге қарамастан, өңдеу өнеркәсібі соңғы 10 жылда ең жоғары өсім көрсеткені сарапшыларды қуантып отыр. Яғни, аталмыш саланың бәсекеге қабілеттілігі артты деген сөз. Әсіресе машина жасау саласындағы жалпы ішкі өнімнің өсімі жоғары (20,6%). Оның ішінде автомобиль құрастыру саласында – 25,4% өсім тіркелді. Сонымен қатар, құрылыс материалдарының өндірісінде – 26,5%, химиялық өнеркәсіпте – 11,2%, пластмасса бұйымдар өндірісінде – 18,5%, фармацевтикада – 26,2%, киім өнеркәсібінде – 23,6% және жиһаз өндіруде – 19,5% өсім қалыптасты.

Жыл басынан бері жер қойнауын игеруден тыс салалардың қарқынды дамып жатқаны көңілге сенім ұялатады. Басқаша айтқанда, экономиканы әртараптандыруға бағытталған шаралар осынау қиын кезеңде тиімділігін көрсетіп отыр деуге болады.

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, тау-кен өнеркәсібін қоспағанның өзінде салаларға тартылған негізгі капитал 32,3%-ға артып отыр. Әсіресе өңдеу өнеркәсібіне салынып жатқан инвестицияның көлемі өсуде. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда оның көлемі 2,1 есе көп. Сондай-ақ, инвестиция ағыны құрылыс саласында – 72%, ауыл шаруашылығында –66%, ақпарат және байланыс саласында –61%, сауда секторында –28,3%, көлік секторында – 27,6%, жылжымайтын мүлікпен байланысты операцияларға – 27,5% артып отыр.

Жалпы ішкі өнімнің артуы баспана нарығында да жағымды көңіл күй туғызды деуге болады. Соның арқасында баспана құрылысы қарқын алып келеді. Қаңтар-сәуір аралығында қолданысқа берілген баспана көлемі 13,3% артқан. Басқаша айтсақ, 3,5 млн шаршы метр баспана өз иесін тапқан.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жалпы өңдеу өнеркәсібі бойынша 13 өңірде өсім бар және ең жоғарғы өсім Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында және Алматы облысында тіркелген.


Соңғы жаңалықтар