Қазақстан экономикасы дамуының орташа мерзімдегі болжамы тұрақты өсімді көрсетіп отыр - Д.Дан

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда өтіп жатқан «Financing Growth in Kazakhstan» форумы барысында әлемдік сарапшылар күрделі макроэкономикалық даму жағдайындағы Қазақстан экономикасының дамуының ықтимал болжамын ұсынды.

Халықаралық валюта қорының сарапшысы Джонатан Данның айтуынша, ел экономикасы қысқа мерзімде тұрақты өсім көрсетуі екіталай. Маман ел экономикасының шикізаттық базаға тым тәуелділігін атап өтті. «Қазақстанның экономикасы 2000 жылдары мұнай және тау-кен өндірісінің қарқынды дамуымен жоғары өсім көрсетті. Әлемдегі ұзақ мерзімге сақталған мұнайдың жоғары бағасы Қазақстанның өз позициясын нығайтып алуына септігін тигізді. Қазір Қазақстан жан басына шаққандағы орташа табысы 20 мың АҚШ долларын құрайтын тұрақты ел. Алайда бағаның өзгеруі салдарынан ЖІӨ-нің құбылмалылығы және бар. БРИКС елдерімен салыстырғанда ЖІӨ құбылмалылығы Қазақстанда жоғары», - деді Джонатан Дан. Сарапшы оған қаржылық базаның тарлығы қатты ықпал ететінін айтып өтті. «Қазақстанда ірі тауар өндірушілердің үлесі экспортта 70 пайызды құрайды. Бұл елге қысқа мерзімде серпін берсе де, экономиканы сыртқы келеңсіз әсерлерге ұрындырады», - деді Джонатан Дан. Маман 2014 жылғы ЖІӨ көрсеткішінің өткен айларға қарағанда 1,3 пайызға төмендегенін сыртқы және ішкі сұраныстың азайғандығымен байланыстырды. Алайда, Қазақстан экономикасы дамуының орташа мерзімдегі болжамы тұрақты өсімді көрсетіп отыр, деді маман. Бұл нақтырақ айтқанда, мұнай өндірісінің жаңа көздерін ашумен, Қашаған жобасының іске қосылуымен байланысты.

Соңғы жаңалықтар