Қазақстан экономикасы-2022: Инфляция төмендеп, теңге бағамы тұрақтала ма
2022 жылғы 1 қаңтар 11:02

Қазақстан экономикасы-2022: Инфляция төмендеп, теңге бағамы тұрақтала ма

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус пандемиясы және соған байланысты шектеулер әлем экономикасына үлкен соққы болды. Пандемия зардабын еліміз де тартып, өткен жылы жалпы ішкі өнім минус 2,6 пайызға құлады. Дегенмен, 2021 жылы Үкімет қабылдаған нақты іс-шаралардың арқасында экономика біртіндеп қалыпқа келе бастады және 11 айдың қорытындысында 3,8 пайыз өсім көрсетті. Ал 2022 жылы инфляция төмендей ме? Теңге бағамы қандай болмақ? Бұл сауалдарға ҚазАқпараттың сараптамалық шолуынан жауап ала аласыздар.

Кейінгі шегерілген сұраныс ел экономикасына қалай әсер етті?

Пандемия салдарынан адамдардың басым бөлігі карантинге оқшауланып, кейбір өндіріс қызметін тоқтатты. Ал шағын және орта бизнес адамдардың кірісі төмендеуіне байланысты сатып алу мүмкіншілігі төмендейтінін ескеріп, өнім шығаруын қысқартты. Дегенмен, сарапшылардың пессимистік болжамына қарамастан 2020 жылдың екінші жартысында әлем біртіндеп орын алған жағдайға бейімделіп, экономика жылдам қалпына келе бастады.

Экономикалық сарапшы Арман Бейсенбаевтың пікірінше, Қазақстанда сұраныс барынша қысқа ғана мерзімде артты.

«Сұраныстың бұлайша жылдам қалпына келетінін ешкім де күткен жоқ. Құлаймыз, одан кейін ақырындап құрдымға кетеміз, деп ойладық. Менде бүкіл әлемде дәл осындай күйзеліске толы көңіл-күйдің орын алатынын күткендердің бірі едім. Бірақ олай болмады. Толықтай алғанда, әлем экономикасы жеңіс траекториясына қарай өрлей бастады. Біз күрт құладық және бірден бой тіктеп келеміз», - деді Арман Бейсенбаев.

Дегенмен, сарапшы өзге проблеманың туындағанын алға тартады. Яғни, сұраныс пандемияға дейінгі деңгейден артып кетіп, ал ұсыныс сол уақыттағы көлемге әлі жете алмады.

«Мұны «іріктеу қателігі» деп айтады. Пандемия салдарынан зауыттардан бастап шағын дәмханаларға дейінгі бүкіл бизнес қолайсыз кезең ұзаққа созылады деп ойлап, тауларлар, азық-түлік шығару және басқа да өндірістерді күрт шектеп тастады», - деп түсіндіреді сарапшы.

Оның атап өтуінше, тез қалпына келген сұраныс пен артта қалып қойған ұсыныс арасындағы айырмашылықты инфляция жедел толықтыра түсті. Осындай жағдайда еліміз тұтынушылық сұранысты қанағаттандыру үшін шетелден импортты ұлғайтты.

Қолданбалы экономика институтының мәліметі бойынша 2021 жылдың 9 айында тұтынушылық тауарлардың импорты 25 пайызға артты.

Дәл осы азық-түлік тауарлары Қазақстандағы инфляция деңгейіне ең үлкен үлес қосып, өткен жылдың 9 айында 8,9 пайызды құрады. Инфляция өсімі соңғы 6 айда алғаш рет қарашада тоқтады. Яғни, 2021 жылдың қарашасында инфляция 8,7 пайызға төмендеді.

Дегенмен, Арман Бейсенбаев алдымен жеткізушілер дағдарысқа ұшырап, одан кейін ол логистикалық немесе контейнерлік дағдарысқа ұласқанын атап өтеді.

«Қытай пандемиядан әлемдегі басқа елдерден ең бірінші болып шықты. Соған байланысты қалған елдер карантинде отырып, ештеңе өндіре алмады. Соның салдарынан контейнерлік тасымалда күрт теңсіздік қалыптасып, жылдам қымбаттай түсті. Мұның барлығы азық-түлік және өзге де тауарлардың бағасына әсер етті», - деді ол.

Сұраныстың жылдам қалпына келуінің нәтижесінде мұнай бағасы да тез көтерілді.

«2021 жылдың ортасында мұнай бағасының барреліне шамамен 80 доллар болатынын ешкім де күткен жоқ. Мұны қазір емес үш жылдан кейін орын алады деп есептеген еді», - деді сарапшы.

Қымбат көміртегі де инфляцияның өсуіне әсер етеді. Өйткені, тасымал, бензин, электр энергиясы және өзге де шығындарға байланысты өндірістің құны да артады.

ҚР Ұлттық банк сарапшылардың мәліметінше, әлемде пандемия кезінде инфляция деңгейі бойынша жаңартылған рекорд тіркелді. АҚШ-та өткен жылдың шілдесінде инфляция 13 жылдағы ең жоғары мәніне жетіп, 5,4 пайызды, Еуроаймақта тамызда соңғы 10 жылдағы ең жоғары мәні 3 пайызды, Ресейде соңғы 5 жылдағы ең жоғары мәні 6,7 пайызды құрады. Қазақстанда жылдық инфляция 8,9 пайыз деңгейінде сақталды.

2022 жылы Қазақстан экономикасы қандай болмақ?

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылы отандық экономика 2,6 пайызға құлдырады. Дегенмен, осы жылдың 11 айында жалпы ішкі өнім 3,8 пайызға артып, қайта қалпына келу өсімінің тұрақты қарқынын көрсетіп отыр. Бірақ, тұтыну бағасы индексінің барлық компоненттері бойынша баға өсімі экономиканың негізгі проблемасына айналған. Осы ретте Үкімет олардың бағасын реттеу үшін жергілікті атқарушы органдардың әкімшілік мүмкіндіктері мен нарықтық тетіктерді қолдана отырып, тұрақты мониторинг жүргізуде.

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ орталығы 2022 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 3,9 пайыз болатынын болжайды. Бұл өсім агроөнеркәсіп кешені, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және қызмет көрсету салалары есебінен орын алмақ. Ал ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев 2022 жылы жылдық инфляцияның мақсатты дәлізі 4-6 пайыз, 2023-2024 жылдары 4-5 пайыз, 2025-2026 жылдары 3-4 пайыз шегінде болатынын болжайды.

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ орталығының директоры Қуаныш Бейсенғазинов болса пандемияның салдары келер жылы да сақталатынын алға тартып, инфляцияның тез арада мақсатты дәлізге орала қоюы мүмкін еместігін айтады.

«Инфляция өзінің шырқау шегіне 2021 жылдың күзінде жетті. Оның қарқынындағы кері шегіністі 2021 жылдың соңында, 2022 жылдың басында күтуге болады. Бірақ, мақсатты бағдарға оралуы созылмалы сипатқа ие. Әлемдік тізбектегі логистикалық жеткізу проблемасы 2022 жылы да сақталып, өндірушілердің шығындарының артуына және тауар жетіспеушілігіне алып келеді. 2021 жылы орын алған базалық мөлшерлемені арттыру, Үкімет тарапынан қабылданған реттеу сипатындағы іс-шаралар инфляциялық қысымды тежеуге мүмкіндік бере алады», - деді Қуаныш Бейсенғазин.

Айта кетерлігі, биыл Қазақстан Ұлттық банкі инфляциямен күрес мақсатында базалық мөлшерлемені 25 базалық тармаққа, 9,75 пайызға дейін ұлғайтқан болатын.

Мұнай бағасы қалай өзгермек?

Дүниежүзілік банк 2022 жылы мұнайдың бір баррелінің құны 74 доллар деңгейінде болатынын болжап отыр. Бірақ, мұнайға әлемдік сұраныстың негізінен жершарындағы эпидемологиялық ахуалға және ірі импорттаушы елдерге байланысты екені белгілі. Бұған қоса, ОПЕК+ елдері үшін мұнай өндіру көлемін шектеудің алынып тасталатынын және бірқатар елде жаңа мұнай өндіру қорларының ашылатынын ескерер болсақ, нарыққа шығарылатын қара алтын көлемі арта түсетіні сөзсіз.

«Демек, мұнайдың айтарлықтай оң жоғары бағасы ары кеткенде 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін ғана жалғасады. Одан кейін біздің бағалауымызша, ол біртіндеп төмендей бастайды», - деді Қуаныш Бейсенғазин.

«Қолданбалы экономика институтының» сарапшылары өз есептеулеріне сүйене отырып, 2022 жылы Brent маркалы мұнай бағасы шамамен барреліне 66 доллар болатынын алға тартады.

Ал енді бір сарапшы өткен жылғыдай мұнай бағасының өсуі мүмкін екенін ескертеді.

«Кейбір бағалауларға қарағанда, 2022 жылы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асып жығылуы мүмкін. Америка банкі мұнай бағасының барреліне 100-ден 120 долларға дейін жетуі мүмкін екеніне қатысты алдын ала болжамын да жария еткен болатын. Енді 5 жылдан кейін мұнай бағасы барреліне 250 долларға да жетуі ықтимал», - деді сарапшы Арман Бейсенбаев.

Теңге бағамы қандай болмақ?

ҚР Ұлттық банк мәліметінше, мұнай бағасы теңге бағамы үшін негізгі макроэкономикалық факторлардың бірі болып қала бермек. Өйткені, ішкі нарықтағы шетелдік валюта ұсынысының көлемі негізінен мұнай бағасына байланысты болады.

ҚР Ұлттық банкі Ақпарат және коммуникация департаменті – баспасөз қызметінің директоры Әлия Адамбаева теңгенің айырбас бағамы динамикасына мұнай бағасынан бөлек саудадағы серіктес елдер валютасының бағамы, төлем балансының жай-күйі, инфляция деңгейі, сонымен қатар саудадағы серіктес елдердің пайыздық мөлшерлемесі ықпал ететінін атап өтеді.

«Қолданбалы экономика институтының» жетекші сарапшысы Әсел Бұламбаева да қазақстандық теңге мен мұнай бағасы арасындағы байланыс сабақтас еместігіне назар аудартады. Сондықтан да мұнай бағасы көтерілгеннің өзінде де қазақстандық теңгенің нығайғанын байқай алмаймыз.

«Мұнай теңге динамикасына ықпал ететін жалғыз ғана фактор еместігін түсіну қажет. Теңгенің мұндай динамикасының өзге себептері қатарында доллар индексі (DXY), саудадағы серіктес елдердегі ахуал сынды сыртқы факторлармен қатар инфляция, экономиканың долларлануы сияқты ішкі факторлар да болуы ықтимал», - деді Әсел Бұламбаева.

Осыған орай оның пайымынша, мұнай бағасы көтерілген күннің өзінде теңгенің де соған сай нығаятындығын күтудің қажеті жоқ. Себебі теңгенің айырбас бағамына әсер ететін өзге де көптеген факторлар бар және олар теңгенің нығаюына мүмкіндік бермейді.

Сарапшы Арман Бейсенбаевтың да пікірінше, 2022 жылы теңгенің айтарлықтай нығая түсетінін күтудің реті жоқ.

«Мұнай бағасы көтерілген күннің өзінде долларға шаққанда теңгенің бағамы қазіргідей 425 теңге болуы әбден мүмкін және одан жоғары болмайды да. Өкінішке қарай бізде төлем балансы теріс сальдоға ие. Экспортқа шығарғаннан гөрі импортымыз басым. Демек, еліміз пайда тапқаннан гөрі көп шығын жасайды. Сондықтан шетелдік валютаға сұраныс үнемі жоғары болады. Ал бұл жайт теңге бағамының барынша нығая түсуіне мүмкіндік бермейді», - деді сарапшы.

Еліміздің Ұлттық банкі де 2022 жылы импорттың артатындығын болжап отыр.

«Төлем балансы әдістемесі бойынша тауарлар импорты халықтың және бизнестің тарапынан сұраныстың артуы, сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды жүзеге асыру есебінен 6,8 пайызға ұлғайып, 40,9 млрд долларға жетеді», - деген еді ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев осы айда өткен Үкімет отырысында.

Айта кетерлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің болжамына сәйкес, еліміз 2022 жылғы мұнай өндіру көлемін 87,9 млн тоннадан 2026 жылы 107,4 млн тоннаға дейін арттырмақ. Бұл ретте еліміздің жалпы ішкі өнімінің өсімі 2022 жылы 3,9 пайыз, ал 2026 жылы 5,2 пайыз болатыны болжанады.


Jańalyqtar

MURAǴAT