Қазақстан ЕАЭО-ның сенімді логистикалық хабы бола алады – Президент

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Челябі – Болашақ – Иран теміржол магистралімен жүрдек жүк пойыздарын іске қосуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президенттің айтуынша, әрі қарай интеграциялық дамудың тағы бір маңызды бағыты – жаңа халықаралық көлік артерияларын құру болуы мүмкін.

«Біздің экономикалық одақ сайып келгенде, Еуропа мен Азия, жаһандық оңтүстік пен солтүстік арасындағы байланыстырушы буынға айналарына сенімдімін. Біз Ресей Федерациясының ҚХР, Үндістан, Пәкістан, Иран, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері бағытында дәліздер қалыптастыру ниетін құптаймыз. Транскаспий бағытымен ұштастыра отырып, Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін дамыту қажеттігі туралы ой пісіп-жетілді деп ойлаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында.

Осыған байланысты Қ.Тоқаев Қазақстанның барлық мүмкіндіктері мен ресурстарын жұмылдырып, ЕАЭО-ның сенімді логистикалық хабы болатынын жеткізді.

«Тақырыптық бастама ретінде Челябі – Болашақ – Иран теміржол магистралімен жүрдек жүк пойыздарын іске қосуды ұсынамыз. Бұл үшін Челябинскіде жүк жинақтайтын орталық ашып, «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінің қазіргі инфрақұрылымын пайдалануға болады. Біз өзіміздің Бейнеу – Маңғыстау темір жол желісіндегі және Бейнеу – Шалқар автокөлік жолындағы талапқа сай келмейтін учаскелерді қайта салуға әзірміз. Тиісті жүк тасымалы ағынын қалыптастыру үшін күш жұмылдыру маңызды. Сол себепті Қазақстан мұны сөзсіз іске асырады. Бақты – Аягөз темір жол құрылысын өзара тиімді ынтымақтастығымыздың нақты мысалы деуге болады. Оның іске қосылуы Қазақстанның да, Ресейдің де Қытай бағытына жөнелтетін жүк көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Иран мен Түрікменстанның теңіз және құрғақ порттарында инфрақұрылым салуға бірлескен инвестициялар қарастыруға болатынын айтты. Бұл мүше мемлекеттердің экспорт географиясын едәуір кеңейтеді және логистикалық мүмкіндіктерін нығайтады.

«Физикалық инфрақұрылымды дамытумен қатар тауарлар транзитінің жалпы цифрлық жүйесін құру шешімдерін әзірлеу өте маңызды. Ол сенімді, бірақ қолдануға оңай және озық цифрлық технологияларға негізделуі керек. Электронды пломбаларды, жедел ақпарат алмасудың кепілдік жүйесін пайдалану, «Е-терезе» жүйесін дамыту мәселелерін шешу қажет. Бұл шаралар тауар ағынын жылдамдататын және жеткізу тізбегін оңтайландыратын ортақ цифрлық мультимодальды дәліз құруға мүмкіндік береді», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар