Қазақстан ЕАЭО-ның Қытаймен жақындасуын қамтамасыз ете алады - Әшімбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің басшысы Мәулен Әшімбаев әлемдік қауымдастықтың Еуразиялық экономикалық одаққа деген көзқарасын өзгерту қажет деп санайды. Себебі державалар арасындағы қазіргі текетірес пен санкциялық соғыстар Қазақстанның сыртқы саясатын өзгертуге мәжбүрлеп отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Алдымен Қазақстанның көпвекторлы саясатын көпвекторлы жүйенің басқа бір түріне ауыстыру қажет. Шартты түрде оны "кіріккен көпвекторлық" деп атауға болады. Бұл жерде біз не туралы айтып отырмыз? Бәріміз жақсы білеміз, әлемдегі қазіргі жағдай тыныш емес. Сондықтан біз үшін сыртқы саясатымыздың көпвекторлы тұжырымдамасын іске асыру жыл өткен сайын қиынға соғып отыр. Полюстар арасындағы деструктивті көзқарас, қарама-қайшылықтар бәсеңдейтін емес. Осы салада қандай да бір оң өзгерістер болады деген болжам жоқ. Әрине, осындайда біздің жағдайымыз мәз емес. Ресей - біздің стратегиялық әріптесіміз, одақтасымыз. Бізде ортақ әскери-саяси байланыстар бар. Себебі Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымының мүшесі болып саналады. Дегенмен, біз АҚШ пен Еуропаны да сыртқы саясатымыздың стратегиялық векторы ретінде қарастырып отырмыз. Міне, осындай жағдайда қалай әрекет ету керек? Меніңше, қазіргі форматта жұмыс істей берсек, бұрынғы формуланың тиімділігі болмайды. Сондықтан көпвекторлы саясатымызды іске асырып қана қоймай, стратегиялық әріптестеріміздің бізге деген көзқарасын позитивті сипатқа түсіру керек. Мәселен, Еуразиялық экономикалық одақты алайық, бүгінде көптеген шетелдік сарапшылар аталған ұйымның аясында Қазақстанның маневр жасау мүмкіндігі азаяды деп отыр. Әсіресе, Батыс елдерімен арадағы қарым-қатынас бәсеңдеп қалуы мүмкін деп ойлайды. Біздіңше, Еуразиялық экономикалық одақтың өзі Азия-Тынық мұxит елдерімен, соның ішінде Қытаймен, сондай-ақ Еуропамен жақындасып, интеграцияға жол ашқан жағдайда ғана дамудың даңғыл жолына түсе алады. Осы орайда Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың шығыс жағындағы интеграциясына, Қытаймен жақындасуына өз септігін тигізе алады. Ол үшін "Жібек жолының экономикалық белдеуі" атты жақсы бір формат бар. Әрине, біздің байланыстарымыз аталған бағдарламамен шектелмейді. Дегенмен, соның негізінде интеграцияның "жұмсақ" бір нұсқасына жол ашуға болады",- деді М.Әшімбаев бүгін "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл: нәтижелер, жетістіктер, келешек көкжиегі" тақырыбындағы xалықаралық конференцияда.

Депутаттың ойынша, Еуразиялық экономикалық одақтың батыс жағындағы интеграцияның "жұмсақ" нұсқасын іске асыру қиын. Дегенмен, ондай әріптестікке жетуге тырысу қажет. "Жұмсақ" интеграция дегеніміз не? Бүгінде интеграцияның классикалық нұсқасына сәйкес, ортақ сауда-саттық аймағы құрылып, артынан ортақ валюта енгізіледі. Әрине, Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ арасында ондай интеграция болмайды. Дегенмен, еркін сауда аймақтары, инвестицияларды тарту, бәлкім, визасыз режим сияқты шараларды қолға алуға болатын еді", - деп атап көрсетті М.Әшімбаев.

Соңғы жаңалықтар