Қазақстан ЕАЭО елдеріне ортақ техникалық реттеу орталығын құруды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бішкекте өтіп жатқан Еуразия экономикалық форумында елімізде өткен жылы құрылған техникалық реттеу жөніндегі үйлестіру орталығының жұмысы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда өткен жылдың 1 шілдесінен бастап техникалық реттеу жөніндегі үйлестіру орталығы жұмыс істеп жатыр. Аталған орталықтың негізгі міндеттеріне техникалық регламент жобалары мен оларға өзгерістер бойынша ұстанымды қалыптастыруға қатысу, кәсіпорындардың техникалық регламенттерді енгізуге инфрақұрылымдық әзірлігін талдау және техникалық регламенттерді қолдану бойынша мониторинг жүргізу кіреді. Сонымен қоса техникалық регламенттер мен стандарттардың ғылыми-техникалық деңгейін бағалау міндеті жатады», - деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Арман Әбенов Бішкекте өтіп жатқан Еуразия экономикалық форумында.

Сондай-ақ, комитет басшысы аталған үйлестіру орталығының жұмысын ЕАЭО көлемінде кеңейтуді ұсынды.

«Біз 2010 жылдан бастап техникалық регламенттерді әзірлеумен тікелей айналысатын кәсіби мамандар мен саланың үздік сарапшыларын үйлестіру орталығында жұмыс істеуге шақырдық. Бұл институционалдық жадты сақтау мақсатында жасалып отыр. Осы орайда біздің комитет ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде техникалық реттеу жөніндегі үйлестіру орталықтарын құрудың ұқсас моделін әзірлеуді ұсынады. Еуразиялық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиясында стандарттау жұмысын жоспарлауды үйлестіруге, стандарттау саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі дамытуды қамтамасыз ету және ЕАЭО-ның тиісті актілерін қабылдау мақсатында жүргізуге бағытталған іс-шаралар көзделген», - деді Арман Әбенов форумда.

Бұған дейін сауда министрлігінің өкілі Қазақстаннан ЕАЭО елдеріне қандай тауар түрлері экспортталатынын айтып өтті.


Соңғы жаңалықтар