Қазақстан Дүниежүзілік банк рейтингінде ТОП-40-қа енбек - Үкімет отырысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан 2025 жылға қарай Дүниежүзілік банктің LPI рейтингінде топ-40 елдің қатарына кіруі қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «DoingBusiness» рейтингінде және басқа да рейтингтерде Қазақстанның позицияларын жақсарту жөнінде баяндаған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сауда және көлік инфрақұрылымының даму деңгейі Дүниежүзілік банктің LPI рейтингімен өлшенеді. Индекс елдердің сауда логистикасын дамытудағы сын-қатерлер мен мүмкіндіктерін айқындауға жәрдемдеседі. Қазақстан бұл рейтингте 2018 жылдың қорытындысы бойынша 71-ші орынды иеленді. Еліміз 2025 жылға қарай топ-40 елдің қатарына кіруі қажет. Олар – Израиль, Исландия, Малайзия сияқты елдер», - деді ол.

Министрдің дерегінше, сауда және көлік инфрақұрылымының сапасы, халықаралық тасымалдауларды ұйымдастырудың жеңілдігі, кеден және шекара бақылауының тиімділігі, сондай-ақ жүк тасымалын бақылап отыру мүмкіндігі рейтингтегі тежеуші факторлар болып отыр.

«Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексін Дүниежүзілік экономикалық форум есептейді. Бұл рейтингте Қазақстан 2018 жылдың қорытындысы бойынша 59-ші орынға ие болды. 2025 жылға қарай еліміз алғашқы 40 елдің қатарына кіруі тиіс. Бұл Италия, Эстония, Чили сияқты елдердің деңгейі. Бұл рейтингтегі тежеуші факторлар: қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен даму деңгейі, денсаулық сақтау жүйесінің даму деңгейі, инфрақұрылымның сапасы мен даму деңгейі, инновациялық әлеует, АКТ-ның даму деңгейі, сондай-ақ жеке меншікті қорғау», - деді Руслан Дәленов.

Осы ретте министр Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде кедендік ресімдеудің тиімділігін өлшейтін құрамдауышты ерекше атап өтті. Бұл фактор бойынша Қазақстан 64-ші орында. 2025 жылға қарай алғашқы 40 елдің қатарына кіру міндеті тұр. Бұл Израиль, Чехия, Чили сияқты елдердің деңгейі.

«Бұл факторда елімізге кедендік тексеру пунктерінің өткізу қабілеттігін жақсарту, сондай-ақ кедендік тексеру жүйесінің тиімділігін арттыру қажет», - деді ведомство басшысы.



Соңғы жаңалықтар