Қазақстан Дубайдағы ЭКСПО-2020 көрмесіне қатысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, Дубайдағы Дүниежүзілік ЭКСПО-2020 көрмесіндегі ҚР Ұлттық секциясының бас комиссары Аллен Шәйжүнісов пен «ЭКСПО-2020 Дубай» бюросының атқарушы директоры Наджиб Мохаммед әл-Әли Қазақстан Республикасының Дубайдағы Дүниежүзілік ЭКСПО-2020 көрмесіне қатысуы туралы шартқа қол қойды.

Бұл туралы ҚазАқпарат «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, ЭКСПО көрмесі Таяу Шығыста бірінші рет өткелі отыр және оны 25 млн адам тамашалайды деп күтілуде.

«Дубай шаһарындағы дүниежүзілік ЭКСПО көрмесі 2020 жылдың 20 қазанынан 2021 жылдың 10 сәуірі аралығында «Болашақ үшін сана-сезімді біріктіру» тақырыбында өтеді. Оның ішінде «Мүмкіндік», «Мобильділік» және «Тұрақтылық» ұғымдарына баса мән берілмек», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Көрме кешені «үш жапырақ» пішінде ұсынылған, оның диаметрі 150 метрді құрайтын орталық нысаны «Әл-Васл» плазасы деп аталады. Орталық нысан жанында Біріккен Араб Әмірліктерінің павильоны мен 3 тақырыптық кластер орналасады.

ЭКСПО кешенінің жалпы аумағы 438 гектарды құрайды. Онда 150 га болатын көрме аумағы, жерүсті метро стансасы, «Dubai South Mall» сауда орталығы, тұрғын үйлер, логистикалық және қонақ үй нысандары бар.

Қазіргі уақытта «ЭКСПО-2020 Дубай» көрмесіне 170 ел қатысатындығын растады және 55 ел келісімге қол қойылған.

Соңғы жаңалықтар