Қазақстан Донецк пен Луганскіні мойындау мәселесін көтермейді – ҚР СІМ

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Донецк пен Луганскіні мойындау мәселесін көтермейді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Донецк пен Луганск Халық Республикалары төңірегіндегі шиеленіске қатысты Қазақстан ұстанымы жайында айтар болсақ, Ресей Президентінің аталған республикаларды мойындау туралы Жарлыққа қол қойғанын бәріңіз білесіздер. Біріншіден, Ресейдің неліктен мұндай шешім қабылдау себебін сараптау қажет. Батыс пен Ресей арасында қауіпсіздік жүйесіне қатысты уағдаластықтың жоқ екендігі түсінікті. Ресей тарапы Ресей мен АҚШ, сонымен қатар РФ мен НАТО арасындағы келісім жобаларын жіберген болатын. Бұл келісім бойынша қазіргі уақытта уағдаластыққа қол жеткізілмеді. Екіншіден, «норманд форматына» қатысушылар Минск келісімін жүзеге асыру жолдарына қатысты өзара түсіністікке келе алмады әрі қабілетсіз болып шықты. Бұл да себептердің бірі. Үшіншіден, Донецк пен Луганскідегі гуманитарлық дағдарыс жайында айтып отырмыз. Қазіргі уақытта аталған республикалардан Ресейге қарай босқындар ағылып жатыр», - деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Осы ретте ол Ресей Президентінің Донецк пен Луганскіні мойындау туралы Жарлығына қатысты Қазақстанның ресми ұстанымы әзірленіп жатқанын айтты.

«Таяу сағаттың ішінде Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Қазақстанның ресми ұстанымын қабылдаймыз. Бірақ, Қазақстанның Донецк пен Луганскіні мойындау мәселесі көтеріліп отырмағандығына сендіргім келеді. Біз халықаралық құқық негіздерін және БҰҰ Жарғысының негізгі ұстанымдарын ұстанамыз. Қазір ахуал нашарлап, шиеленіс күшейіп бара жатқаны түсінікті. Сондықтан Қазақстан барлық халықаралық қоғамдастықты шиеліністі шешуде дипломатиялық күш-жігерді қолдануға шақырады әрі соған дайын», - деді Мұхтар Тілеуберді.


Соңғы жаңалықтар