Қазақстан дизель отыны экспортына шектеу қояды - Қанат Бозымбаев
«Дизель отыны тапшылығына жол бермеу мақсатында министрлік бүгінгі күні елден тысқары аумаққа дизель отынын шығаруға уақытша шектеу қоюды қарастыратын бұйрық әзірледі және ол келісім кезеңінде тұр», - деді министр.
Оның айтуынша, 2018 жылы еліміздің жанармай құю стансаларында дизель отыны бағасының өсуі байқалған. Мұндай жайтқа көктемгі-күзгі кезеңдерде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің дизель отынын көп пайдалануы, транзитттік тасымал көлемінің артуы, сонымен қатар импортқа тәуелділіктің сақталуы себеп болған.
«Тағы бір себеп - ЕАЭО елдерінде, таяу көршілерде дизель отыны бағасының айтарлықтай жоғары болуы. Мұндай жағдайда отынның көрші елдерге ағылуы, соған байланысты бағаның жоғарылауы - түсінікті жайт», - деді Қ.Бозымбаев.
Сонымен қатар, министр 2018 жылдың басында АИ-92 маркалы бензиннің бөлшек бағасының төмендегені байқалғанын айтты.
«Ал осы жылдың ақпанында АИ-92 бензинінің ең төменгі бағасы Алматы қаласында 139 теңгені құрады»,- деді ол.