Қазақстан деректерді транзиттеуден 300 млн доллар табыс табуды жоспарлап отыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан деректерді транзиттеуден 300 млн АҚШ доллары шамасында табыс табуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы шеңберінде Қазақстан-Әзербайжан бағыты бойынша Каспий теңізінің түбіне 400 км коммуникациялық желі төселеді. Бұл жоба Қытайдан осы елдер арқылы Еуропаға трафик транзитін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», делінген хабарламада.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев телекоммуникациялық дәліз құрылысын бастау рәсіміне қатысу барысында бірегей жобаны цифрлық кеңістікті дамытудың жаңа кезеңі деп атады.

«Бұл байланыс желісі Қазақстан мен Әзербайжанды өзара байланыстырып қана қоймайды, Қытайдан біздің елдеріміз арқылы - Еуропаға трафик транзитін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрине, бұл Қазақстан үшін тиімді жоба. Өйткені, деректер транзитінен $300 млн АҚШ доллары көлемінде табыс түседі деп күтілуде. Бұл процесті жол құрылысымен салыстыруға болады. Жолдың сапасы жоғары болса, жүк тасымалы артып, бюджет түсімдері көбейіп, жол бойындағы қызмет көрсету және т.б.сервистер дамиды», - деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.

Жобаны жүзеге асырумен Қазақстан-Әзербайжан бірлескен кәсіпорны айналысады. Жобаның инвестициялық құны шамамен 60 млн АҚШ доллары. Транзиттен 10 жыл ішінде 300 млн доллар табыс түседі деп жоспарланған. Осымен бірге, жоба 150 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Каспий теңізінің түбі арқылы шамамен 400 км желі тартылады. Деректерді жеткізу қуаты – кемінде секундына 4-6 терабит. Желіні пайдалануға беру 2021 жылдың соңына жоспарланған.

Талшықты-оптикалық байланыс желісі құрылысының басталуына арналған салтанатты рәсімге Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин, Әзербайжан Премьер-Министрі Әли Асадов және екі елдің телекоммуникациялық компанияларының басшылары қатысты.

Соңғы жаңалықтар