Қазақстан денсаулық сақтау деңгейі бойынша әлемде 53-орында тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан денсаулық сақтау саласының деңгейі бойынша әлемдегі 93 елдің ішінде 53-ші орында тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ranking.kz ақпарат көзіне сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау саласының деңгейі бойынша әлемдік рейтингті ірі мәліметтер базасы саналатын Numbeo жариялады.

Аталмыш рейтингте Қазақстан 93 мемлекеттің ішінде 53-ші орын алған. Біздің ел сонымен қатар ТМД елдерінің ішінде денсаулық сақтау жүйесінің сапасы бойынша ең жоғары индекске ие.

Бұл тізімде Беларусь (59-шы орын), Ресей (63-ші орын), Украина (78-ші орын) және Әзербайжан (91-ші орын) Қазақстаннан қалып келеді.

Рейтинг денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс сапасын, медициналық жабдықтармен, құрылғылармен қамтамасыз ету деңгейін, медициналық қызметкерлер мен денсаулық сақтау саласыындағы мамандардың кәсібилігін, емханалардағы емделу құнын және тағы басқа көрсеткіштерді бағалайды.

Бұл тұрғыда үздік бес елдің қатарынан Тайвань, Оңтүстік Корея, Франция, Жапония және Дания көрінді.

2020 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанда денсаулық сақтау саласында жалпы сомасы 749,2 млрд теңгенің қызметі көрсетілген. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 19,2% көп.

Сонымен қатар бұл қызметтердің 80,4% - бюджет есебінен, 11,8% - халық есебінен, 7,8% - кәсіпорындар есебінен көрсетілген.

Аймақтарды бөліп қарағанда денсаулық сақтау саласында көрсетілген қызметтердің көбі Алматығы тиесілі: 128,5 млрд теңге – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 22,6%-ға артық. Екінші және үшінші орын Нұр-Сұлтан (104,2 млрд тг, +10,1%) және Қарағанды облысы (53,1 млрд теңге, +24%) тұр.

Көрсеткіші ең үлкен екі қала мен бір облысқа елде көрсетілген жалпы медициналық қызметтердің үштен бірі тиесілі.

Қызмет секторының жартысынан көбі ауруханада көрсетілген. Атап айтқанда ауруханалардың хирургиялық бөлімшесінде - 80,1 млрд теңге, гинекологиялық бөлімше мен перзентханаларда - 37,3 млрд теңге, психиатрлық ауруханаларда - 16,8 млрд теңгенің қызметі көрсетілген.


Соңғы жаңалықтар