Қазақстан делегациясы WADA атқару комитетінің отырысына қатысуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Польшаның Котовице қаласында Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің атқару комитетінің отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференцияға спорттың барлық түрінен 2 мыңға жуық делегат шақырылған. Бұл басқосуға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Асқар Есімов, ҚР Допингке қарсы ұлттық орталығының директоры Майра Бақашева қатысуда.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, конференция аясында қазақстандық делегация ДДҚА бас директоры Оливье Нигглемен, Азия кеңсесінің директоры Казухиро Хайашимен екіжақты кездесулер өткізеді.

Отырыстың күн тәртібінде ДДҚА президентін, вице-президентін жаңа мерзімге сайлау, әлеуметтік зерттеулер, денсаулық, медицина, допингке қарсы ұйымның халықаралық стандарттарына шолу және өзге де өзекті мәселелер қарастырылады.

Айта кетейік, ДДҚА биыл өзінің 20 жылдығын атап өтеді. Ал Қазақстан Республикасы Допингке қарсы ұлттық орталығы ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 1718 қаулысына сәйкес құрылған мемлекеттік ұйым саналады.

ҚазДҚҰО қызметі халықаралық допингке қарсы заңнамалық актілерге сәйкес. Орталықтың негізінде Орта Азия Өңірлік допингке қарсы үйымы (RADOCA) жұмыс істейді. Ол Орталық Азия бойынша: Қазақстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Ауғанстан Ислам Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы және Моңғолияда іс-шараларға бағыт-бағдар беру жолында қызмет атқарады.

ҚазДҚҰО негізгі миссиясы - спортшыларға ақпарат беру және оларды әділ және адал ойын қағидаттарын және спортты допингтен сақтау үшін қажетті білім мен дағдылармен қамтамасыз ету.

Соңғы жаңалықтар