Қазақстан делегациясы БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитетінің сессиясына қатысады

Фото: Фото: REUTERS/Denis Balibouse
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов бастаған делегация БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитетінің 76-шы сессиясына қатысады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылғы 2-3 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов бастаған қазақстандық делегация Женевада өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының Азаптауға қарсы комитетінің 76-шы сессиясына қатысады. Аталған сессия барысында Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияның орындалуы туралы Қазақстанның Төртінші мерзімді баяндамасы қорғалады», - деді А. Смадияров елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған конвенция аясындағы міндеттемелерге сәйкес, барлық қатысушы мемлекеттер өз мерзімді баяндамаларын ұсынады, содан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Комитетінде қорғайды.

«Қорғаудан кейін Комитет қорытынды ескертулерін жариялайды, олардың негізінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары келесі есепті дайындайды», - деді ресми өкіл.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылғы 5 мамырда Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысады.


Соңғы жаңалықтар