Қазақстан даму банкі кредиттік қызметтің тиімді моделін қалыптастыруда - ҚДБ басшысы Б.Жәмішев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан даму банкінің міндеті мемлекеттің инвестициялық саладағы қызметін жетілдіру әрі тиімділігін арттыру, өндірістік инфрақұрылымды және өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, ел экономикасына сыртқы және ішкі инвестиция тарту болып табылады.

ҚДБ қазіргі қызметі мен болашақ жоспарлары жөнінде біздің тілшіге сұхбат берген «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев әңгімелеп берді.

- Болат Бидахметұлы, ең алдымен, Банк қызметінде қандай да бір өзгерістер жоспарланып отыр ма? ҚДБ-ға трансформация қажет пе?

- «Қазақстан даму банкін» өзгерістер күтіп тұр, оның түпкі мақсаты - кредиттік қызметтің тиімді моделін қалыптастыру. Бұл үшін біз «Эрнст энд Янг - консультациялық қызметтер» және «Маккинзи мен Компания Қазақстан» консорциумдары секілді халықаралық кеңесшілерді шақырдық. Біз қол жеткізгіміз келіп отырған басты мақсат - бизнес-процестердің жылдамдығы мен ашықтығын арттыру; қосылған құн шығармайтын элементтерден арылу; жаңа бес банк өніміне дейін енгізу; кредиттік және операциялық тәуекелдерді төмендету және қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыру.

Бұл не береді? Бұл Даму банкіне займшылардың өтінімдеріне сәйкес болуға әрі Қазақстан Үкіметі тарапынан қойылып отырған міндеттерді, соның ішінде 2015-2019 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясындағы мақсаттарды тиімді орындауға мүмкіндік береді.

Атап өту керек, бизнес-процестерді оңтайландыру шеңберінде Банк 2014 жылы кредиттік өтінімдерді қарау мерзімін 54 күнге дейін (31 күнге) қысқартты. Енді кредиттік процедураларды жеңілдету бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады.

- ҚДБ елді индустрияландыру бағдарламасының негізгі операторларының бірі екені белгілі. Қазірге дейін не істелді, мүмкін болса, сандық көрсеткіштерді келтіріп кетсеңіз?

- Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы аясында Банк 965 миллиард теңге сомасына 32 жобаны қаржыландыру жөнінде шешім шығарды. Бұл жобалар қатарында Павлодардағы электролиз зауытының құрылысы, Қостанайдағы болат арматура зауыты, Ақтөбедегі рельс арқалық зауыты, Мойнақ СЭС, Орал, Ақшабұлақ газ турбиналық электр стансалары, Ақтау халықаралық теңіз порты мен әуежайын кеңейту және қайта жөндеу, Атырау МӨЗ жаңғырту және т.б. бар.

ҚДБ қаржылық қолдауының арқасында 251 миллиард теңге сомасына 24 жобаны пайдалануға беру аяқталды, 8500-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Ағымдағы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша Банк Қазақстанның Индустрияландыру картасына енген 21 жобаға жалпы сомасы 892 миллиард теңгеге қызмет көрсетеді.

2015-2019 жылдарға арналған индустрияландырудың екінші бесжылдығының алғашқы қорытындыларына келер болсақ, Даму банкі екі ауқымды жобаны қаржыландыруды бастап кетті. Бұл - 104,9 миллиард теңге сомасына «АЛТЕЛ» АҚ 4G (LTE) мобильдік кеңжолақты интернет желісін кеңейту, соның ішінде қаржының 35 пайызы ҚДБ займы. Екібастұзда «Проммашкомплект» кәсіпорнының базасында теміржол дөңгелектерін шығарудың толық циклі. Жоба құны 40,8 миллиард теңге, оның 73,5 пайызы - біздің займ.

- Жалпы ҚДБ-ның кредиттеу қызметі жайлы айтар болсақ, алдағы жылдары қандай маңызды жобаларды қаржыландыру жоспарда бар? Қандайлары аяқталу кезеңіне өтті?

- Қазіргі уақытта Банктің әлеуетті жобалар портфеліне 1 млрд. астам теңге көлеміндегі сомаға 30-дан астам жоба бар. Сала бойынша бөліп қарайтын болсақ, ең көп үлесі, қарыздың жалпы сомасының 50 пайызынан астамы өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі, энергетикаға 20 пайыздан астам, көлік пен қаттау үшін 10 пайыздан астам.

Биыл ҚДБ қаржыландыруды бастған елдің шикізаттық емес секторын дамытуға арналған маңызды жобалардың арасында Батыс Қазақстан облысында Еуро-5 класындағы моторлық жағармай өндірісін, Шығыс Қазақстан облысында титан кесектерін шығару, сондай-ақ Павлодар облысында теміржол дөңгелектерінің толық циклының өндірісі бар.

Банк қаржыландырып, аяқталуға жақын ірі индустриялық жобалардың арасында Ақтөбе рельс-аралық зауыты мен «Конденсат» АҚ-ғы өндірістерді іске қосу, Атырау МӨЗ-н жаңғыртудың бірінші кезеңі - ароматика кешені, «Қазхром» АҚ өндірісін кеңейту.

Жалпы алғанда, Банктің 1 маусымдағы жағдай бойынша ағымдағы портфелінде долларлық эквивалентте 6,2 миллиард долларды құрайтын қарыздың жалпы сомасы, 5,8 миллиард долларды құраған 37 инвестициялық жоба, соның ішінле 17-сі - 2,9 миллиард теңгені құрап отырған greenfield-жобалар, яғни бастапқы кезеңнен басталған жобалар, 405 миллион долларды құраған 4 экспорттық операция бар.

Сала бойынша қарасақ, қаржыландырудың басым бөлігі химия мен мұнай химиясына тиіп отыр - шамамен 50 пайыз, тау-кен металлургия кешені - 20 пайызға жуық, энергетика - 6,5 пайыздай, ақпарат және байланыс - 6 пайыздан астам, көлік және логистика - 6 пайызға жуық, агроөнеркәсіп кешені - 5 пайызға жуық.

- Банктің өзіңіз атап өткен шикізаттық емес жобаларды несиелендіру үшін қандай ресурстары бар?

- Қазақстан Үкіметі ҚДБ-нің түпкі акционері ретінде Банкті капиталдандыру және қымбат емес несиелік ресурстарды бөлу жолымен, соның ішінде Ұлттық қордан қаржы бөлу арқылы қажетті қолдау көрсетіп отырғанын атап өткім келеді. Бұл қаражаттар Үкімет анықтаған басымдық мақсаттарға жіберіледі. Осылайша, индустрияландырудың екінші бесжылдығының жобаларын, сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасын ұзақмерзімдік несиелендіру үшін Ұлттық қордан 245 миллиард теңге бөлінген, соның көп бөлігі өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға арналған.

Өз кезегінде Қазақстанның егемен рейтингінің деңгейінде несиелік рейтингтері бар ҚДБ капитал нарықтарында біздің қарыз алушыларға қызықты болатын ұзақмерзімдік ресурстар тартуды жалғастырып отыр. 2015 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша Банктің алыс-беріс портфелінің көлемі 7 миллиардқа жуық долларды құраған, соның ішінде 65 пайызы сыртқы алыс-беріске тиіп отыр. ҚДБ ірі индустриялық жобаларды қаржыландыру үшін шетелдік займ капиталын Қазақстанға тартудың басты агенті болып табылады. Осылайша, 2014-2015 жылдары Қытай банктерімен жалпы сомасы 2 миллиардтан астам долларға бірқатар келісімдерге қол қойылып, сондай-ақ еуропалық инвестициялық институттармен 176 миллионнан астам еуроны құрайтын сомаға келісушіліктерге қол жеткізілген.

Теңгелік қорландыруды тарту үшін Банк 2014 жылы жалпы көлемі 100 миллиард теңгеге дейін ішкі облигацияларды шығарудың ортамерзімдік бағдарламасын бекітті, соның ішінде 20 миллиард теңге қазірдің өзінде орналастырылған. Өткен жылы «Бәйтерек» холдингінің ішкітоптық қаржыландыруы аясында алғаш рет заңды тұлғалардың жалпы сомасы 24 миллиард теңгені құраған депозиттері тартылды. Ағымдағы жылы ҚДБ ҚР Ұлттық банкімен 3 жылдық мерзімге 60 миллиард теңгеге валюталық-пайыздық «доллар-теңге» SWAP-ын жасады, бұл біз үшін жаңа қаржылық құрал болып табылады.

- Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар